Жамбыл облысындағы «Бір ауыл – бір өнім» жобасын іске асыру: көрмеге дайындық, қатысушыларды оқыту және меморандумдар аясындағы жоғары оқу орындарымен жұмыс
Тараз университеті мен «Атамекен» палатасы: ауыл кәсіпкерлеріне арналған оқыту жобасы сәтті аяқталды 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүзеге асырылып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) бастамасы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдаудың жаңа кезеңіне қадам басты. Жоба аясында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетімен бірлесіп ұйымдастырылған оқыту бағдарламасы – ауыл кәсіпкерлері үшін нақты нәтижелерге қол жеткізудің жарқын үлгісі болды
2024 жылғы 16-27 маусым аралығында өткен қарқынды курсқа Жамбыл облысының 28 кәсіпкері қатысып, үш бағыт бойынша оқудан өтті:
- Жеңіл өнеркәсіп: «Текстиль және аяқ киім: бірегей бұйымдар жасау өнері»;
- Азық-түлік өндірісі: «Азық-түлік өндірісінің заманауи тәсілдері»;
- Аграршылар: «Биокөмір және органикалық өнім өндірісі».
Курс нәтижесінде қатысушылар тек оқуды аяқтағаны туралы сертификат емес, сонымен қатар өнімдерінің зертханалық талдауынан өткенін растайтын маңызды құжаттарға ие болды. Бұл сертификаттар өнім сапасын дәлелдеп, қаржыландыру мен ірі сауда желілеріне шығу мүмкіндігін арттырады.
Бағдарламаның ерекшелігі – Тараз университетінің зертханаларында өткен практикалық сабақтар. Қатысушылар өнімдерінің құрамын талдап, заманауи жабдықтармен қауіпсіздік пен тиімділік деңгейін анықтады. Осы арқылы ғылым мен кәсіпкерлік тығыз ықпалдаса отырып, шағын бизнеске үлкен нарыққа шығудың жолын ашты.
Ауыл кәсіпкерлері үшін ғылым мен технологияларға қол жеткізу – тек білім емес, нақты бизнес шешім. Мысалы, Меркілік кәсіпкер Айткүл Мусилимова биокөмір технологиясын шаруашылығына енгізу бойынша шешім қабылдады және жаңа келісімшарт дайындауға кірісті.
Тараз университетімен ынтымақтастық – «Атамекен» ҰКП-ның шағын бизнес пен ғылым арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған стратегиялық қадамы. Осы бастама аясында жобаның қатысушылары енді 350 млн теңгеге дейінгі гранттық қаржыландыруға ғылыми негіздемемен өтініш бере алады.
2024 жылдың 25 шілдесінде Тараз қаласында БАБӨ жобасы қатысушыларының қатысуымен кезекті өңірлік көрме өтеді. Бұл көрме – жобаның келесі кезеңін бастауға, жаңа серіктестіктер мен нарықтарға жол ашуға мүмкіндік береді.
«Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамына көрсеткен қолдауы мен кәсіби жұмысы үшін шын жүректен алғыс білдіреді.
БАБӨ – ауылды дамытудың нақты жолы!