800 МЕТРГЕ ДЕЙІНГІ РЕЛЬС, 500 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ – Т.РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫНДАҒЫ ӨНДІРІС АЛЫБЫ
Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданында орналасқан «Лугавой рельс дәнекерлеу зауыты» – еліміздің теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуда стратегиялық маңызы бар кәсіпорын.
1988 жылы құрылған зауыт бүгінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ құрамында жұмыс істейді. Ұзақ жылдық тәжірибесі, технологиялық мүмкіндіктері мен өндірістік қуатының арқасында кәсіпорын теміржол саласының сенімді тірегіне айналды.
Негізгі бағыт – ұзындықты рельс дәнекерлеу
Зауыттың басты міндеті – ұзындығы 800 метрге дейін жететін түйіспесіз рельстерді дәнекерлеу. Бұл үдеріс поездар қозғалысының бірқалыпты әрі қауіпсіз жүруіне, техникалық ақаулардың азаюына және теміржолдың ұзақ қызмет етуіне тікелей әсер етеді.Дәнекерлеу жұмыстары халықаралық стандарттарға сай арнайы құрал-жабдықтармен жүзеге асырылады. Жоғары дәлдік пен сапа – кәсіпорынның басты артықшылығы.
Жылдық қуаты – 500 шақырымға дейін
Кәсіпорын жылына 500 шақырымға дейін жаңа рельс жолдарын дәнекерлеуге қауқарлы. Зауыт өндірген рельстер:
• Қызылорда,
• Шымкент,
• Семей,
• Алматы,
• Жамбыл облыстарының магистральдық және аймақтық теміржол желілерінде қолданылады.
Әлеуметтік жауапкершілік пен жұмыс күші
Зауытта бүгінде 286 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің орташа айлық жалақысы – 410 мың теңге. Бұл – өңірдегі жоғары табысты жұмыс орындарының бірі.
«Лугавой рельс дәнекерлеу зауыты» – еліміздің теміржол жүйесін нығайтуда ерекше орын алатын, заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс орны.
#пресстур #жамбылоблысы