Жаңалықтар

Жамбыл облысында ХІ-ші Азаматтық форум өтті

Жамбыл облысында ХІ-ші Азаматтық форум өтті

«Мемлекет. Қоғам. Әділетті Қазақстанды құрудағы әріптестік» тақырыбында ұйымдастырылған ХІ азаматтық форумға облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен еліміздің 8 өңірінен келген ішкі саясат басқармасының өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты. Пленарлық отырыста сөз алған аймақ басшысы өңірде Үкіметтік емес ұйымдардың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, форум қатысушыларына сәттілік тіледі.

Жалпы елімізде 23335 үкіметтік емес ұйым бар, оның 878 Жамбыл облысында тіркелген. Жиын барысында елімізде азаматтық сектор жұмысының даму барысын, қоғамдағы ашық диалогтың қалыптасуы турасында Мәдениет және ақпарат вице-министрінің міндетін атқарушы Данияр Қадыров мәлімдеді. Бәріміздің ортақ үйіміз мемлекетіміздің нық қадам басып, өркендеуі үшін азаматтық қоғам белсенді болуы керегін тілге тиек еткен Республикалық Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева үкіметтік емес ұйымдарға міндеттелер жауапкершілік жоғары екеніне тоқталды. Іс-шара соңында облыста жиырма жылдан астам уақыт қоғамдық бірлестіктің жұмысын үзбей жүрген өңірдің бірқатар үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, Құрмет грамоталары, Жамбыл облысы әкімінің Алғыс хаты, Қазақстанның Азаматтық альянсының Алғыс хаттарымен марапатталды. Үкіметтік емес бірлестіктердің қоғамдағы рөлін талқылау панельдік секциялар барысында жалғасты. Айта кету керек, бұл күні ірі кәсіпорындармен меморандумға қол қою рәсімі өтті.