Меркіде қарттар шахмат ойнап, йогамен шұғылданып, ән салып жүр – «Белсенді ұзақ өмір» орталығы қалай жұмыс істейді?
Меркі ауданында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін жаңа мекеме – «Белсенді ұзақ өмір» орталығының ашылғанына бір жылға жуықтады. Орталық Меркі ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің құрылымында жұмыс істейді.
Аталған әлеуметтік мекеме 533,9 шаршы метрді құрайтын ғимаратта орналасқан. Қазіргі таңда орталықта шамамен 60 зейнеткер тұрақты түрде қызмет алуда. Олардың бос уақытын тиімді өткізу, денсаулығын нығайту және белсенді өмір сүруіне жағдай жасау – мекеменің басты мақсаты.Орталықта 23 штаттық бірлік бекітілген. Әлеуметтік қызметкерлер, мәдени ұйымдастырушылар, медицина мамандары мен нұсқаушылардан құралған бұл команда күнделікті қызмет алушылардың жеке қажеттіліктерін ескеріп, жан-жақты қолдау көрсетуде.
«Белсенді ұзақ өмір» орталығы қызмет алушыларға әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, мәдени, еңбек және басқа да бағыттар бойынша кешенді қызмет көрсетеді. Мұнда тренажер залы, массаж бөлмесі, шахмат бұрышы, йога жаттығулары, сондай-ақ қолөнер және музыка үйірмелері жұмыс істейді.
Орталықтың ең жасы үлкен қатысушысы — 83 жаста, ал 75 жастағы Мадина Мұстафина есімді қызмет алушы зейнетке шыққаннан кейін алғаш рет домбыра үйреніп, музыкалық қабілетін дамытқан. Сонымен қатар денсаулығында ақауы бар, қан қысымы жоғары тұрғындар да орталықтағы тұрақты қызметтің арқасында оң нәтиже байқап отыр.
Айта кету керек, бұл мекеме – Жамбыл облысында ашылған алғашқы «Белсенді ұзақ өмір» орталығы. Оның үлгісінде болашақта өзге аудандарда да осындай әлеуметтік орталықтардың ашылуы жоспарланып отыр.
Бұл бастама – егде жастағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, оларды қоғамнан оқшауламауға, белсенді әрі мазмұнды өмір сүруге мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік жоба болып табылады.