Меркі ауданында жаңа су электр станциясының құрылысы басталды
Жамбыл облысы, Меркі ауданында қуаттылығы жоғары жаңа су электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Жоба өңірдегі энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға және экологиялық таза энергия көздерін ұлғайтуға бағытталған.
Инвестор: «ТАРАЗ ГРИНПАУЭР ДЖЕНКО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Жобаның жалпы құны — 14,8 миллиард теңге. Бұл ауқымды инвестиция жаңартылатын энергия көздерін дамыту және экологиялық қауіпсіз қуат өндіру бағытында маңызды рөл атқарады.
Су электр станциясы іске қосылған жағдайда бұл нысан жыл сайын 84 мың МВт/сағ көлемінде электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш Жамбыл өңірінің энергия тұтыну жүктемесін азайтып, баламалы қуат көздерін арттыруға оң әсер етеді.
Жоба аясында 58 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етіп, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Құрылысқа бөлінген жер көлемі – 23,27 гектар және 0,303 гектар екі жер телімі. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Станцияны іске қосу 2027 жылға жоспарланған.
Бұл инвестициялық жоба – өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытудың нақты қадамы және еліміздің жасыл экономикаға көшу саясатына сай жүзеге асырылып отырған маңызды бастама.