ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ «JIBEK JOLY» АЭА АРҚЫЛЫ ӘЛЕМДІК НАРЫҚҚА ҚАДАМ БАСУДА
Жамбыл облысы Шу ауданындағы «Jibek Joly» (ХимПарк) арнайы экономикалық аймағы – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып отырған ірі жоба. Мұндағы басты мақсат – шетелдік және отандық инвесторларды тартып, жоғары технологиялы, бәсекеге қабілетті өнім шығару, сондай-ақ экспорт пен импортты алмастыратын өндірістерді дамыту.
АЭА-ның басқарушы компаниясын Қайрат Оспанбеков басқарады. Жобаның негізгі операторы – «Самұрық-Қазына» қорының еншілес кәсіпорны «Біріккен химиялық компания» АҚ.
Мұнда қандай зауыттар бар?
«Хим-ПЛЮС» ЖШС – гербицид өндіретін зауыт. Жалпы жер көлемі 30,7 гектарды құрайды. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 2 000 тонна, ал өндірісте 48 адам еңбек етеді. Жобаның құны – 26,3 млрд теңге. Зауыт толық іске қосылған.
«Chemical Engineering» ЖШС – аммоний бифторидін өндірумен айналысады. Өндіріс аумағы 0,4 гектар. Жылдық қуаттылығы – 200 мың тонна, мұнда 20 қызметкер жұмыс істейді. Жобаның құны – 226 млн теңге. Кәсіпорын іске қосылған.
«C9 Technologies» ЖШС – кассалық чек қағазын шығаратын зауыт. 0,4 гектар аумақта орналасқан бұл кәсіпорынның қуаттылығы жылына 100 мың тонна. Қазіргі уақытта 23 адам жұмыс істейді. Жобаның құны – 59,4 млн теңге. Өндіріс іске қосылған.
«Kazakhstan Hydrogen Peroxide» ЖШС – сутегі асқын тотығын өндіретін зауыт. 16 гектар жерде бой көтеріп жатқан кәсіпорын жылына 5 000 тонна өнім шығара алады. Құрылыс аяқталған соң 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаның жалпы құны – 32 млрд теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүруде.
«JVictorNewEnergy» ЖШС – кремний өндіретін ірі жоба. 50 гектар аумақта салынып жатқан зауыт толық іске қосылғанда 150 адамға жұмыс береді. Жобаның құны – 17,7 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Эко байшешек» ЖШС – өндірістік ғимараттар салумен айналысады. Аумағы – 6 гектар. Мұнда 40 жұмыс орны ашылады. Жобаның құны – 2,3 млрд теңге. Құрылыс кезеңінде.
«Sany Renewable Energy Kazakhstan Wind Power Equipment Manufacturing Base Ltd.» ЖШС – жел электр станциясына арналған құрылғыларды шығаратын зауыт. 24 гектар аумақта орналасады. Құрылыс аяқталған соң 88 адам еңбек етеді. Жобаның жалпы құны – 8,4 млрд теңге. Қазір құрылыс жүргізілуде.
«SHENGTAI BIOTECH CO., LTD» ЖШС (Fufeng Group Ltd.) Шу ауданындағы «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында 406 гектар аумақта жүгері өңдеу зауытын салу жобасын іске асыруда. Құны 200 млрд теңге болатын жоба 2024–2027 жылдары жүзеге асырылып, 510 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған. Қаржыландыру толығымен жеке қаражат есебінен жүргізілуде. Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары жалғасуда.
«Jibek Joly» АЭА іске қосылғалы бері өңірде жүздеген жаңа жұмыс орны ашылды, ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш одан да артады. Жобалардың барлығы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылып жатыр, бұл Жамбыл облысының инвестициялық тартымдылығының айқын дәлелі.
Мұндағы өндірістер тек химия саласымен шектелмейді – жел энергиясы, құрылыс материалдары, электрондық өнімдер сияқты бағыттар да қамтылған. Бұл аймақты нағыз көпсалалы индустриялық орталыққа айналдыруда.