Мойынқұмдағы гранит зауыты жылына 10 мың текше мерт өнім өндіреді
Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Мирный ауылында орналасқан гранит өндіру зауыты 2017 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Жобалық құны 600 миллион теңгені құрайтын кәсіпорын бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр.
Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 10 мың текше метр гранит шығаруға жетеді. Соңғы жылдардағы көрсеткіштер кәсіпорынның тұрақты даму жолына түскенін айқындайды. Мәселен, 2024 жылдың қаңтар–желтоқсан айлары аралығында зауыт 33 280 м³ гранит блоктарын өндіріп, оның құндық көлемі 471 миллион теңгеге жеткен. Ал 2025 жылдың алғашқы алты айында өндірілген өнім көлемі 15 355,5 м³ болса, қаржылай көрсеткіште бұл 410,9 миллион теңгені құрады.
Қазіргі таңда кәсіпорында 59 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартып қана қоймай, өңірдегі жұмыспен қамту мәселесін шешуге де ықпал етуде.
Сарапшылардың айтуынша, Мойынқұмдағы гранит зауытының жұмысы аудан экономикасына серпін беріп, құрылыс саласына сапалы өнім жеткізіп отыр. Кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздеп отыр.
Мойынқұмның бай табиғи ресурстарын тиімді игеріп отырған бұл өндіріс орны – ауылдың ғана емес, тұтас өңірдің дамуына үлес қосып келе жатқан маңызды кәсіпорындардың бірі.