Жаңалықтар

Жаңа оқу жылына дайындық

2025-2026 жаңа оқу жылы қарсаңында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Оршубеков Нурбек Абубекович білім саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы БАҚ өкілдеріне мәлімдеді. Спикердің айтуынша, бүгінде облыста 338 мыңнан астам бала мектепке дейінгі, орта және техникалық-кәсіптік біліммен қамтылған. Балаларға сапалы білім беру ісіне 40 мыңға жуық педагог еңбек етуде. 2024 жылы салаға 315,6 млрд теңге бөлінсе, биылғы жылы бұл көрсеткіш 344,3 млрд теңгеге жетіп, қаржыландыру көлемі 9%-ға өскен.

Қазіргі таңда өңірде 621 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп, онда 63 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. 2024 жылдың шілдесінен бастап енгізілген ваучерлік қаржыландыру жүйесі нәтижесінде 3,5 млрд теңге үнемделіп, кезекте тұрған балалар саны 2 есеге азайған. Қазіргі таңда 2-6 жас аралығындағы балалардың 96,1%-ы, ал 3-6 жастағылардың 100%-ы балабақшамен қамтылған.

Облыстағы 523 орта білім беру ұйымында 247 мыңнан аса оқушы білім алуда.
Жаңа оқу жылында үш ауысымды және апатты мектептерді жою мақсатында 26 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 10 жаңа мектеп және 5 мектепке жапсарлас құрылыс пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 3 жаңа мектеп ашылады. Алдағы үш жылда 66 мектепті қайта жаңарту жоспары бар, биылдың өзінде 10 мектеп жаңғыртылады.

2024-2025 оқу жылында 6418 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтті.
Жас мамандарды қолдау мақсатында «Болашақ» тәлімгерлік мектебі жұмыс істейді. Ал «Үздік түлек – конкурссыз жолдама» жобасы аясында GPA көрсеткіші жоғары 58 жас маман мектептерге жұмысқа орналасты.

2025 жылы «Жалпыға бірдей білім беру» қоры есебінен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға 6,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат ыстық тамақпен қамтуға, киім-кешек сатып алуға және жазғы сауықтыру шараларына бағытталды.
Дәстүрлі «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында барлық мүдделі кәсіпкерлер мен ұйымдар балаларға қолдау көрсетуге шақырылды.

Облыстағы 42 колледжде 28 мыңнан астам студент білім алуда. Биыл еңбек нарығының сұранысына сәйкес 66 мамандық бойынша 6720 орын бөлінді.
Сонымен қатар, халықаралық серіктестік аясында Қытайдың XIAN TECHNOLOGY колледжінің филиалы өңірде ашылуда. Бірқатар ірі кәсіпорындармен дуальді оқыту жобалары іске қосылды.

Облыста 79 мектептен тыс мекеме жұмыс істейді, балаларды қосымша біліммен қамту үлесі 87,1% құрады.ь Оқушылардың құқық бұзушылығын алдын алу үшін «KiVa», «ДосболLIKE», «Komek Stop Bullying» сияқты жобалар енгізілуде. Сондай-ақ, «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» ашылып, өткен жылы 1400-ге жуық адамға кәсіби көмек көрсетілді.

Конференция соңында Оршубеков Нурбек Абубекович: «Жаңа оқу жылы – жаңа мүмкіндік. Балаларымыздың сапалы білім алуы, қауіпсіз әрі қолайлы ортада дамуы – біздің басты міндетіміз. Бұл жолда мемлекет, ата-ана, ұстаз – барлығы жұмыла әрекет етуі қажет», – деп атап өтті.