«КЕЛЕШЕК МЕКТЕПТЕРІ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА САЛЫНҒАН МЕКТЕПТЕ БАСПАСӨЗ ТУРЫ ӨТТІ
Бүгін Байзақ ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №7 орта мектепте ашық есік күні өткізіліп, журналистердің баспасөз туры ұйымдастырылды.
Сарыкемер ауылында орналасқан бұл заманауи мектеп 600 оқушыға арналған. 2024 жылдың 1 қыркүйегінде қолданысқа берілген білім ошағында бүгінде 72 педагог қызмет етеді. Жаңа мектептің материалдық-техникалық базасы қазіргі талаптарға толықтай сай. Мұнда 35 оқу кабинеті, 132 орындық мәжіліс залы, 176 орындық асхана, әртүрлі көлемдегі екі спорт залы, екі лингафон кабинеті, сондай-ақ химия, физика және биология пәндеріне арналған зертханалар жабдықталған. Бұдан бөлек, 16 орындық оқу залы бар кітапхана, екі компьютер кабинеті және ұлдар мен қыздарға арналған арнайы шеберханалар бар.
Ашық есік күніне ата-аналар, қонақтар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, мектептің мүмкіндіктерімен танысты. Қонақтар оқушылардың оқу жетістіктері мен шығармашылық жұмыстарын тамашалап, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасына куә болды.
Іс-шара барысында мектеп директоры Гүлмира Әуесбайқызы сөз сөйлеп, жаңа білім ордасының артықшылықтарын атап өтті:
«Келешек мектептері» ұлттық жобасының басты мақсаты – үш ауысымды оқытуды жою, апатты мектептердің мәселесін шешу және балалардың сапалы білім алуына қолайлы, қауіпсіз жағдай жасау. Байзақ ауданындағы жаңа мектеп – осы мақсаттардың жүзеге асқан жарқын үлгісі.
Айта кету керек, өңірде жоба аясында бүгінгі күнге дейін 4 мектеп пайдалануға берілген, 3 мектеп жыл соңына дейін ашылады.