ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ШАРАЛАРЫ
Ағымдағы жылдың басынан бастап Жамбыл облысының автожолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері 2 381 жолды тексеру жұмысын жүргізді. Бұл жұмыстар аясында 16 386 шақырым жол жабыны тексерілді.
Тексеру нәтижесінде жол-көлік инфрақұрылымына және көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігіне қатысты 10 579 түрлі кемшілік анықталды. Анықталған заң бұзушылықтарды жою үшін жол жөндеу ұйымдарының басшыларына 2 381 нұсқама берілді.
Автомобиль жолдарын тиісті деңгейде ұстамағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 293 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында Тараз қаласы, Т.Рысқұлов, Шу және Меркі аудандары әкімдіктерінің өкілдері бар. Олар полиция қызметкерлерінің нұсқамаларын орындамағаны үшін жазаланды.
Балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардың маңындағы аумақтар тексеріліп, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар жаңартылып, тиісті жол белгілері орнатылды.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар өңірде жүйелі түрде жалғасуда. Әкімдік пен уәкілетті органдар, әсіресе, білім беру мекемелерінің маңында және қауіпті апатты жол учаскелерінде бақылауды күшейтуді жалғастырады.