2025 жылдың қаңтар–тамыз айларындағы Шу қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші туралы
Соңғы жылдары қаламызда аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мәселен, ең өзекті мәселе – көше жолдары десек, 2022-2023 жылдары 62 көше жөнделді. Ал биылғы жылмен қосқанда жөнделетін көшелер саны 100-ден асады. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Аумағы 10 га «Жеңіс» саябағы замануи үлгіде қайта жаңғыртылып жатыр. Қант зауытындағы аллеяның құрылысы да басталып жатыр. Модернизация аясында 20-дан астам көпқабатты үйдің қасбеттері мен ішкі дәліздері жөнделді.
Баспана мәселесі де жүйелі шешілуде. Бұрын тұрғын үйлер мүлде берілмесе, 2023жылан бері 200-ге жуық отбасы пәтер кілтіне ие болды. Биыл тағы 100 отбасыны үймен қамтамасыз ету жоспарымызда бар.
1989 жылдан бері жөндеу көрмеген Шу вокзалы биыл толық жаңартылып жатыр. Сонымен қатар, қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі – көше жарығы. Биылғы жылды қосқанда 20-ға жуық көшеге түнгі жарық шамдары орнатылады.
Ауыз су бойынша да айтарлықтай қадам жасалды. Бұрын қала халқының 25%-ы таза сумен қамтылмаған еді. Биыл тағы 4 жерден су құбыры іске қосылады.
Әрине, әлі де шешуді қажет ететін мәселелер аз емес. Аулалардың тозуы, қоқыс алаңдарының жағдайы, кейбір аймақтардағы абаттандыру тапшылығы — біз үшін белгілі және маңызды. Алайда инженерлік инфрақұрылымды жөндеуді бірінші кезекке қою — ұзақ мерзімді тұрақты даму үшін қажетті қадам. Алдағы жылдан бастап абаттандыруға басымдық берілетін болады.
Құрметті тұрғындар, әрбір өзгеріс — уақыт пен жүйелі жұмыстың нәтижесі. Сын да, пікір де орынды. Бірақ атқарылған істерді де бағалай білсек, ортақ мақсатқа бірге жетеміз деп ойлаймын. Шу – бәріміздің ортақ үйіміз. Оны көркейту – ортақ міндет.