Жаңалықтар

ТАРАЗДА ТРАВМАТОЛОГИЯ САЛАСЫНА ОЗЫҚ ӘДІСТЕР ЕНГІЗІЛУДЕ

Таразда жоғары технологиялы медициналық көмектің жаңа әдістері енгізіліп жатыр. Қалалық көпбейінді аурухана мен консультациялық-диагностикалық орталықтың базасында травматология мен ортопедия саласына арналған шеберлік сыныбы өтті.

 Оқыту шарасын Қазақстан-Ресей медицина университеті травматология және ортопедия кафедрасының ассистенті, PhD докторы, жоғары санатты травматолог-ортопед Жұмахан Молдақұлов өткізді.Шеберлік сыныбы қалалық аурухананың бас дәрігері Хамит Мұрзақасымовтың бастамасымен ұйымдастырылды.

 Ауыр жарақат алған науқастарға күрделі операциялар жасалды

Сабақ барысында жол-көлік оқиғасы салдарынан ауыр жарақат алған науқастардың нақты клиникалық жағдайлары қарастырылды.
38 жастағы науқасқа «политравма, жамбастың күрделі сынуы» диагнозы қойылып, жағдайы тұрақтандырылғаннан кейін реконструктивті пластиналар арқылы металлоостеосинтез жасалды. Бұл әдіс арқылы оның оңалту мерзімі қалыпты 6–8 айдан едәуір қысқарды.
Ұқсас операция 34 жастағы тағы бір науқасқа да жасалды. Ол да ауыр жарақатпен жеткізіліп, жамбас сүйектерін бекітуге арналған жоғары технологиялы әдіс қолданылды.

Заманауи әдіс – жылдам сауығудың кепілі
 

Барлық операциялар травматология бөлімшесінде Жұмахан Молдақұловтың жетекшілігімен, Ерлан Түлеев, Дәурен Идеев, Дәулетбек Кемелов және Мислим Ризмановтың қатысуымен өтті.
Дәрігерлердің айтуынша, реконструктивті пластиналар арқылы заманауи металлоостеосинтез әдісі сүйектердің берік бітуін қамтамасыз етеді. Бұл науқастарды ерте қозғалысқа келтіруге және сауығу уақытын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.