ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНАН БИІКТІГІ 7 МЕТР БОЛАТЫН КӨНЕ ҚАЛА ОРНЫ ТАБЫЛДЫ
- author Zhambylokq
- Бүгін, 12:31
- 4

Қазба жұмыстары барысында табылған тарихи қамалдың мәдени қабатының биіктігі 7 метрге жетеді. Ал аумағы шамамен 5 гектарды құрайды. Археологтардың айтуынша, бұл — соңғы жылдардағы ең ауқымды археологиялық олжалардың бірі.
200-ге жуық жәдігер табылды
Қазба орнында 200-ге жуық көне бұйым анықталған. Олардың арасында дәнүккіштер, түрлі керамикалық ыдыстар, ошақ пен пештің орындары бар.Қалашық ішінде егістік алқабының болғаны да дәлелденді. Суландыру жүйесі ежелгі Талас өзенінен тартылған. Бұл — сол дәуірде ауыл шаруашылығының жақсы дамығанын көрсетеді.
— «Негізгі құрал-саймандар сүйектен жасалған. Ол кезде де адамдар өз қалдықтарын шашпай, арнайы терең шұңқырларға тастаған. Біз оны қоқыс шұңқыры деп атаймыз. Тереңдігі 2–3 метрге дейін жетеді», — дейді Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Қуаныш Арынов.
«Жайлаутөбе» қалашығы
Көне қорған Байзақ ауданы аумағынан табылып, «Жайлаутөбе» қалашығы деп аталды. Ғалымдар қалашық маңында шамамен 200-ге жуық оба орны бар екенін де анықтаған.
Тіпті іргелес аумақта керуен-сарайдың орны болуы мүмкін деген болжам бар — барлау жұмыстары басталып кетті.
Қорған — жаугершілік кезеңнің ізі
Тарихшылардың айтуынша, көне қамалдың әскери қорған ретіндегі маңызы да жоғары болған. Себебі қазба орнынан жебе ұштары көптеп табылған.Бұл — аймақтың сол кезеңде тек егіншілікпен ғана емес, қорғаныс жүйесі жақсы дамыған тұрақты мекен болғанын көрсетеді.
Қазба жұмыстары жалғасуда
Қазір 10 археологтан құралған арнайы топ қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандар бір апта ішінде алғашқы кезеңді толық аяқтауды жоспарлап отыр. Айта кетейік, соңғы жылдары Жамбыл өңірі археологиялық тұрғыдан ерекше назарда. Мұнда ежелгі өркениеттердің ізі мен отырықшы мәдениеттің дамығанын дәлелдейтін ондаған нысан анықталған.
Табылған «Жайлаутөбе» қалашығы — бұл тізімді толықтырған маңызды олжалардың бірі.