ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ
Жамбыл облысында жаңартылатын энергия көздерін (бұдан әрі – ЖЭК) дамыту бағытында күн, жел және су арқылы электр энергиясын өндіруге барлық жағдай жасалған.
Осыған байланысты өңір бұл салада инвесторлар тарапынан ерекше қызығушылық тудырып отыр.
Жаңартылатын энергия көздері нысандары Жамбыл облысында 2010 жылдан бері дами бастады. Атап айтқанда:
2010 жылы қуаты 2 МВт құрайтын 2 ЖЭК нысаны пайдалануға берілсе,
2015 жылы қуаты 114 МВт болатын 9 нысан,
2021 жылы қуаты 387,8 МВт болатын 17 нысан,
ал 2024 жылы қуаты 571,3 МВт құрайтын 22 нысан іске қосылды.
Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істейді, оның ішінде:
- 6 су электр станциясы – 24,4 МВт;
- 10 жел электр станциясы – 275,65 МВт;
- 6 күн электр станциясы – 271,25 МВт.
Республика көлемінде жалпы қуаты 3 248,1 МВт болатын 158 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді.
Осы көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан елімізде алдыңғы қатарлардың бірінде.
2024 жылдың 9 айында облыста 602,1 млн кВт/сағ электр энергиясы өндірілді.
Жоғарыда айтылғандай, ЖЭК нысандарының өңірде даму қарқыны айтарлықтай жоғары.
Соңғы төрт жылда облыста бірқатар ірі және шағын қуаттағы жобалар іске асырылды.
Атап айтқанда, 2021 жылы құны 49 млрд теңге болатын қуаты 100 МВт «Жаңатас» жел электр станциясы пайдалануға берілді. Сондай-ақ қуаты 9,2 МВт құрайтын «Тасөткел» су қоймасындағы су электр станциясының екінші кезеңі іске қосылды.
2022 жылы Жамбыл ауданында қуаты 50 МВт «AEC ASA» күн электр станциясы, сондай-ақ Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт құрайтын «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» атты үш жел электр станциясы (әрқайсысының қуаты 4,5 МВт) пайдалануға берілді.
2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 МВт «Шоқпар ЖЭС» электр станциясының құрылысы аяқталды.
Облыстың табиғи және климаттық жағдайлары ЖЭК нысандарын салуға барынша қолайлы болғандықтан, алдағы жылдары екі ірі жобаны іске асыру көзделуде:
- Мойынқұм ауданында (Франция) «Total Eren» ЖШС тарапынан қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр станциясы (2028 жыл);
- Сарысу және Талас аудандарында (БАӘ) «Masdar» компаниясы тарапынан қуаты 1 ГВт жел электр станциясы (2029 жыл).
Сонымен қатар, өңірде күн, жел және су электр станцияларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленді.
Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,5 ГВт жалпы қуаттылығымен 24 нысанға дейін жеткізілетін болады.
Жалпы алғанда, аталған жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электр энергиясымен қамтуға және облысты толықтай «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.