ИНТЕРНЕТ-АЛАЯҚТЫҚПЕН КҮРЕС
Жамбыл облысы Полиция департаментінде интернет-алаяқтықтың алдын алу және осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баспасөз брифингі өтті. Іс-шараға бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, сала мамандары интернет-алаяқтықпен күрес бағытындағы өңірлік тәжірибемен бөлісті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, интернет арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы күресті күшейту мақсатында елімізде нақты шаралар қабылдануда. 2024 жылдың қарашасында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті құрылып, оның өңірлік басқармалары өз жұмысын бастады.
Жамбыл облысында да интернет-алаяқтықпен күрес бағытында үйлестірушілік шаралар қабылданып, құзырлы органдармен бірлескен отырыстар өткізіліп келеді. Ағымдағы жылдың 10 айында өңірде интернет-алаяқтық фактілері 202,3%-ға өсіп, 213-тен 644 дерекке дейін артқан. Алайда, бұл көрсеткіш ел аумағында да байқалып отырған жалпы тенденция екенін атап өтті департамент өкілдері.
Сонымен қатар, интернет-алаяқтық қылмыстарының ашылу деңгейі айтарлықтай артқан – жалпы ашылу 23,4%-дан 48,1%-ға, ал ауыр санатты істер бойынша 30,2%-дан 68%-ға дейін өскен.
Полиция департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп, «CyberShekteuTaraz» Telegram-ботын іске қосты. Аталған бот арқылы азаматтардан 500-ге жуық жалған сілтемелер мен телефон нөмірлері туралы хабарламалар түскен, олардың басым бөлігі бұғатталды. Сондай-ақ Ұлттық Банкінің «Антифрод-орталығы» арқылы 4115 күмәнді банктік есепшот анықталып, оның 2242-сі бұғатталды.
Интернет және телефон арқылы алаяқтықпен күресте «Қазақтелеком» және ұялы байланыс операторларымен бірлескен шаралар жүргізілуде. Соның нәтижесінде 128 слоттық “СИМ-бокс” құрылғысы табылып, күдікті ұсталды.
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне жаңа 232-1-бап енгізілді. Онда банктік шоттарды және төлем құралдарын заңсыз ұсыну, беру немесе пайдалану үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сондай-ақ, 30 қыркүйектен бастап онлайн-қарыздар беру кезінде «салқындату кезеңі» енгізілді, бұл азаматтарды асығыс шешім қабылдаудан және алаяқтық схемалардан қорғауға бағытталған.
2025 жыл ІІМ-де «Профилактика жылы» және «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында аталып өтуде. Осы бағытта облыс көлемінде құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылған:
БАҚ-та 102 жарияланым шықты;
Әлеуметтік желілерде 677 материал жарияланды;
8 LED-экранда, 6 билбордта бейнематериалдар көрсетілуде;
34 700 брошюра таратылды;
Белгілі спортшылар мен блогерлердің қатысуымен 7 үндеу жазылды.
Полиция департаменті азаматтарды өз есепшоттарын бөгде тұлғаларға пайдалануға мүлдем бермеуге, күмәнді сілтемелер мен ұсыныстарға абай болуға шақырады.
Интернет-алаяқтық туралы күдік туған жағдайда азаматтар “Cyberpol” тобына 99-66-07 нөмірі арқылы хабарласа алады.