ЖАМБЫЛДЫҚ ОҚУШЫЛАР АСТАНАДАН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ
6–7 қараша күндері елордада «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылған «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорт фестивалі өтті. Бұл ерекше додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар қатысып, өз мүмкіндіктерін паш етті.
Жамбыл облысынан барған 11 команда өңір намысын абыроймен қорғап, тартысты жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті. Екі күнге созылған фестиваль бағдарламасына бочча, жеңіл атлетика және көңілді эстафета сайыстары енгізілді.
🏆 Жарыс нәтижелері:
Бочча спорт түрі бойынша 7–8 сынып оқушылары арасында Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейдің командасы І орынды иеленіп, үздік нәтиже көрсетті;
5–6 сынып оқушылары арасындағы көңілді эстафетада Тараз қаласындағы №63 орта мектеп командасы ІІІ орынға табан тіреді;
Ал 7–8 сыныптар арасындағы осы жарыста Т.Рысқұлов ауданының командасы да жүлделі үшінші орынның иегері атанды.
Астана төрінен жеңіспен оралған жас спортшыларды «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының өкілдері, ұстаздар мен ата-аналар салтанатты түрде қарсы алып, қуаныштарымен бөлісті.
Бұл фестиваль – ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың спорттағы әлеуетін танытып, қоғамдағы инклюзивті мәдениетті дамытуға бағытталған маңызды жоба. Осындай бастамалар жасөспірімдердің өз күшіне сенімін арттырып, жаңа белестерге жол ашады.
«AMANAT»: Елордада «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалінің жеңімпаздары марапатталды
Астанада өткен «Тең мүмкіндіктер» республикалық инклюзивті спорт фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған сайысқа еліміздің барлық өңірінен келген 500-ге жуық бала қатысты. Олардың ішінде 153-і ерекше қажеттілігі бар балалар. Қатысушылар бочча, эстафеталық ойындар және жеңіл атлетика бойынша өз шеберліктерін көрсетіп, 189 жүлде жиынтығын сарапқа салды.
Фестиваль «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Әйелдер қанаты бастамасымен Оқу-ағарту министрлігі қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – ерекше қажеттіліктері бар балаларды спорт арқылы қоғам өміріне бейімдеу, олардың әлеуетін ашу және инклюзивті орта қалыптастыруға ықпал ету.