ГИДРОПОНИКА: МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУДЫҢ ЖАҢА ҮЛГІСІ
Қыс пен көктем мезгілінде мал азығының тапшылығы – ауыл шаруашылығында жиі кездесетін мәселе. Бұл қиындықты шешудің тиімді жолдарының бірі – гидропоника.
Гидропоника – топырақсыз, тек су мен жарық арқылы арнайы қондырғыда шөп өсіру әдісі. Шөп 6–7 күн ішінде дайын болады.
Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында тұратын Дариға Жұпарбаева мен оның жұбайы Бақытжан Искаков өздерінің отбасылық кәсібінде осы технологияны қолдануда. Олар алғашқы тапсырыстарын қабылдай бастаған.
Кәсіпкерлердің айтуынша, гидропоника әдісі тиімді, үнемді әрі экологиялық таза. Шөп жас әрі витаминге бай болғандықтан, малға жақсы қортылып, өнімділікті арттырады.
Жаңа кәсіпті жолға қоюға мемлекеттік қолдау да ықпал етті. Грант арқылы жаңа қондырғылар сатып алынып, гидропоника жүйесін кеңейту мүмкіндігі туды. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер өндіріс көлемін арттырып, бақша алаңын ұлғайтуды жоспарлап отыр.