Жаңалықтар

МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРДЫ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ

ПРЕСС-РЕЛИЗ Бүгін Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары туралы брифинг өткізді.

Басқарма басшысының айтуынша, облыс көлемінде 45 697 мүгедектігі бар адам тіркелген, оның ішінде:
– І топ – 4 871 адам,
– ІІ топ – 16 339 адам,
– ІІІ топ – 17 675 адам,
– 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар – 6 812.

2025 жылы жеке оңалту бағдарламалары аясында мүгедектігі бар азаматтарды қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз етуге 8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 1,4 млрд, облыстық бюджеттен – 1,2 млрд, жергілікті бюджеттерден – 3,1 млрд теңге.

Ағымдағы жылдың 10 айында «Е-Собес» ақпараттық жүйесі арқылы жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 91,1% құрады (республика бойынша орташа көрсеткіш – 82,9%).
Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында 262 нысанды бейімдеу көзделген. Бүгінгі күні 194 нысан толық бейімделіп, 62-сінде жұмыстар жалғасуда.

Жергілікті бюджеттен 228,7 млн теңге бөлініп, Тараз қаласы мен аудандарда 14 инватакси қызметі жұмыс істейді. 1 қарашаға дейін 813 адамға тасымалдау қызметі көрсетілді.

Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бағытында да оң көрсеткіштер бар. Есепті кезеңде 2 392 адам жұмысқа орналастыру және кәсіпкерлікке тарту шараларымен қамтылған, оның ішінде 568 адам тұрақты жұмысқа, 507 адам уақытша жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар, 193 адам 400 АЕК көлемінде мемлекеттік грант алып, жеке кәсібін ашты.

Бүгінгі таңда облыста 18 медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді, оның 8-і стационарлық үлгіде қызмет көрсетіп, 1 350 адамды қамтиды (оның ішінде 909 – мүгедектігі бар адамдар).
Үй жағдайында әлеуметтік қызмет көрсетуге 1 336,9 млн теңге қарастырылып, 2 287 адам қамтылған.

Үкіметтік емес ұйымдармен де тығыз байланыс орнатылған. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 8 жоба жүзеге асырылып, 993 адамға қызмет көрсетілуде. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 250 млн теңге, ал аудандардағы бейімдеу орталықтарына 133,6 млн теңге бөлінді.

Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерді жан басына қаржыландыру жүйесіне көшіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда облыстағы 39 ұйым (43 лицензия) жаңа жүйеге өтуде.

Басқарма басшысы атап өткендей, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау шаралары мен белгіленген көрсеткіштердің орындалуы тұрақты бақылауда тұр.