Жаңалықтар

ҚОРДАЙ АУДАНЫНЫҢ ҚАҚПАТАС АУЫЛЫНДА ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛДІ

«Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында Қордай ауданының Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді.

Ауданда мәдениет саласының дамуына жаңа леп әкелетін маңызды оқиға орын алды. Жаңа мәдениет үйінің ашылу салтанатына аудан әкімі Бегзат Болатбеков арнайы қатысып, тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Заманауи талаптарға сай бой көтерген нысанның құрылысын «ПМК-109» ЖШС жүргізді. Кең әрі жарық ғимарат түрлі үйірмелер мен шығармашылық сабақтарға арналған кабинеттермен толық қамтылған. Мұнда хореография, домбыра және қолөнер бағытындағы үйірмелерді ашу жоспарланып отыр. Бұл – ауыл балалары мен жастарының өнер жолына қадам басуына жасалған үлкен мүмкіндік.

Жаңа мәдениет ошағы ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруына, жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуына, сондай-ақ мәдени-рухани іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге кең жол ашады.

Айта кетейік, бұған дейін Республика күніне орай Үлкен Сұлутөр ауылында 90 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілген болатын. Бұл – ауданда мәдениет саласының қарқын алып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел.

Жалпы, өңірде мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытында оң өзгерістер байқалады. Жаңа нысандар салынуда, қолданыстағы мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып келеді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауданның мәдени өмірін одан әрі жандандыра түсетіні сөзсіз.