«ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ 16 КҮН» АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ
Қазақстанда жыл сайынғы халықаралық науқан – «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» басталды. Акция 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтеді. Іс-шара ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссия мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Оның негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасының ішкі мәселесі ғана емес, қоғамның қауіпсіздігі мен даму деңгейіне тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік мәселе. Зорлық-зомбылықтың салдары адамның денсаулығына, психологиялық жағдайына, ар-намысына және баланың болашағына үлкен зиян тигізеді. Соңғы жылдары әйелдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заңдар күшейтіліп, көптеген өзгерістер енгізілгенімен, мәселе әлі де өзекті. Жыл сайын Дағдарыс орталықтарына ондаған әйел көмек сұрап келеді. Тек биылдың өзінде 70 әйел орталыққа жүгініп, 356 адамға кеңес көрсетілді.
Біздің облыста Тараз қаласы мен Қордай ауданында жұмыс істейтін екі Дағдарыс орталығы әйелдерге уақытша баспана, психологиялық көмек, әлеуметтік қолдау және құқықтық кеңес береді. Балаларды мектепке орналастыру, әйелдерді жұмысқа тұруға немесе кәсіп үйренуге бағыттау сияқты қызметтер көрсетіледі. 2025 жылғы деректер бұл мәселелердің әлеуметтік табиғатын айқын көрсетеді: зорлыққа ұшыраған әйелдердің көбі жұмыссыз, көпбалалы немесе құқықтық сауаттылығы төмен, сондай-ақ ауылдық жерде тұратындар. Орталықтар жыл сайын 280-ге жуық адамға көмек көрсетсе, ағымдағы жылы 92 адам өз отбасына оралды.
Зорлық-зомбылықпен күресте тек зардапты жою емес, оның алдын алу маңызды. Осы мақсатта мектептерде, колледждерде, мемлекеттік мекемелерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, агрессорлармен жеке профилактика жасалады. Агрессияны басқару, отбасылық терапия сияқты оңалту бағдарламаларын күшейту қажет. Сонымен қатар статистиканы ашық жүргізу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері мен таралу динамикасын зерттеу маңызды. Әйелдің қауіпсіздігі – елдің қауіпсіздігі. Әр адам зорлыққа немқұрайлы қарамай, құқықтық сауаттылықты арттырса, біз қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін біршама азайта аламыз.