2025 ЖЫЛҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУДЫҢ ЖЫЛДЫҚ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес, 2024 жылғы 1 шілдеде «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылданды. Сонымен қатар, ҚР Қаржы министрінің 2024 жылғы 9 қазандағы №687 бұйрығымен сатып алуды жүзеге асырудың жаңа Қағидасы бекітілді. Аталған заң мен қағида 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің қысқартылуы
Жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік сатып алу конкурстарының мерзімі 2 айдан – 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
- Алдын ала талқылау – 2 жұмыс күні;
- Өтінімдерді қабылдау – 5 жұмыс күні;
- Өтінімдерді қарау – 3 жұмыс күні.
Шағымдарды қарау тетігінің жаңартылуы
Сатып алу процесін жеделдету мақсатында шағымдарды қарау тәртібі қайта қаралды:
- Конкурс қорытындыларына веб-портал арқылы 3 жұмыс күні ішінде шағым беруге болады.
- Шағымдарды бұрынғыдай ұзақ мерзімде емес, 40 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылған мерзімде қарайды.
- Шағымдарды енді сатып алуды ұйымдастырушының өзі тікелей қарайды.
Қамтамасыз ету сомаларының өзгеруі
Мемлекеттік сатып алуда өтінімді қамтамасыз ету және шартты қамтамасыз ету сомалары бойынша да маңызды өзгерістер енгізілді.
1) Өтінімді қамтамасыз ету сомасы
2024 жылы барлық конкурстар мен аукциондар үшін өтінімді қамтамасыз ету мөлшері 1% деңгейінде болған еді.
2025 жылдан бастап мөлшерлеме сатып алу тәсіліне қарай сараланып белгіленді:
- Конкурс және аукцион – 1%
- Баға ұсыныстарын сұрату – 3%
2) Шартты қамтамасыз ету сомасы
2024 жылы шартты қамтамасыз ету мөлшері 3% болған.
2025 жылдан бастап:
- Конкурс және аукцион – 3%
- Баға ұсыныстарын сұрату – 5%
Бұл өзгерістер мердігерлердің жауапкершілігін арттырып, келісімшарттардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекеттік сатып алудағы басқа да маңызды жаңашылдықтар
1) Фирмалық атауларды көрсету құқығы
Жылдық көлемі 1 000 АЕК-тен аспайтын (шамамен 3,9 млн теңге) біртекті тауарларға марка мен брендті көрсетуге рұқсат берілді.
2) Бір көзден сатып алу шектері ұлғайды
- Біртекті тауарлар — 100 АЕК-ке дейін
- Жұмыстар мен қызметтер — 500 АЕК-ке дейін
- Ауылдық округ әкімдері аппараттары үшін — 4 000 АЕК-ке дейін
3) Жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға және бәсекелестікті әділ арттыруға бағытталған мердігерлерге берілетін шартты жеңілдіктер жаңартылды
- Жұмыс тәжірибесі – 5-10%
- Төленген салық көрсеткіші – 0-3%
- Теріс мәндер – 2%
- Әкімшілік бірлікте тіркелуі – 0,2%
2025 жылғы өңірдегі мемлекеттік сатып алу көрсеткіштері
Жамбыл облысы мемлекеттік сатып алу басқармасына мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы ретінде Тапсырыс берушілерден жыл басынан жалпы сомасы 137,3 млрд теңгеге 652 лот бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізуге өтінімдер түсті. Басқарма тарапынан ұйымдастырылған мемлекеттік сатып алу конкурстары бойынша 133,9 млрд теңгеге 631 лоттың (97,5%) жеңімпаздары анықталды.
Анықталған жеңімпаздардың жалпы саны – 187 мердігерді құрайды, оның ішінде:
- Жамбыл облысында тіркелген 116 мердігермен 100,4 млрд теңгеге (75,0 %) 500 лотқа келісім-шарт жасалды;
- Басқа облыстарда тіркелген 71 мердігермен 33,5 млрд.теңгеге (25,0 %) 131 лот бойынша шарттар рәсімделді.
Нәтижесінде жалпы келісім-шарт сомасы 131,1 млрд теңгені құрап, бюджет қаражаты есебінен 2,8 млрд теңге үнемделді.
Құрылыс-монтаждау жұмыстары бойынша 120,3 млрд.теңгеге 143 нысан мемлекеттік сатып алу веб-порталында жарияланған, оның ішінде:
Ауыз су, жылыту және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету – 13 нысан 12,1 млрд.теңге;
Электрмен жабдықтау – 14 нысан 22,1 млрд.теңге;
Газбен жабдықтау – 2 нысан 0,8 млрд.теңге;
Құрылыс-монтаждау жұмыстары (спорт, мәдениет, денсаулық сақтау, білім және ғимарат) – 54 нысан 46,7 млрд.теңге;
Күрделі жөндеу жұмыстары – 41 нысан 13,5 млрд.теңге;
Жолдарды және көпірлерді жөндеу жұмыстары – 17 нысан 24,6 млрд.теңге;
Басқа да жұмыстар – 2 нысан 0,4 млрд.теңге;
Сонымен қатар, тауарлар, қызметтер және құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу бойынша барлығы 17,0 млрд. теңгеге 509 лот жарияланды. Оның ішінде:
Тауарлар – 4,1 млрд. теңгеге 286 лот;
Қызметтер – 8,7 млрд. Теңгеге 114 лот;
Құрылыспен байланысты емес жұмыстар – 4,2 млрд. теңгеге 109 лотты құрады.