Жаңалықтар

ЖАМБЫЛДЫҚ ЭНЕРГЕТИК ҚАНАТБЕК ЖАМАЛАҚОВ «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Ақордада өткен салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл марапаттау рәсімі биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылып, еңбек адамдарының қоғамдағы маңызын айқындай түсті.

Марапатталғандар қатарында Жамбыл облысының өкілі — «Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Мойынқұм аудандық электр желілері учаскесінің шебері Жамалақов Қанатбек Ерділдаұлы бар. Ол көпжылдық адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен наградталды. Бұл марапат – өңір энергетиктерінің қажырлы еңбегіне берілген жоғары баға.

Салтанатты жиында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, энергетика саласының ел дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, тұрақты әрі сенімді энергия көзісіз экономиканың өсуі мен халықтың тұрмыс сапасын арттыру мүмкін емес.

Президенттің бұл сөздері энергетика саласында еңбек етіп жүрген мамандардың қоғам алдындағы жауапкершілігі мен еңбегінің маңызын айқын көрсетті.

Айта кету керек, Қазақстанда желтоқсан айының үшінші жексенбісі Энергетиктер күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған мамандарға құрмет көрсетуге арналған ерекше мереке. Осындай жоғары деңгейдегі марапаттар сала қызметкерлеріне жаңа серпін беріп, еңбекке деген ынтасын арттыра түсетіні сөзсіз.