Жаңалықтар

2026 ЖЫЛДАН БАСТАП БАРЛЫҚ АЗАМАТТАР ҮШІН ОНКОСКРИНИНГ ПЕН ДИАГНОСТИКА ТЕГІН ЖҮРГІЗІЛЕДІ

2026 жылдан бастап Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте анықтау жүйесінде маңызды өзгерістер енгізіледі. Енді онкоскрининг пен қатерлі ісікке күдік туған жағдайда жүргізілетін диагностикалық тексерулер барлық азаматтар үшін тегін болады. Бұл қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.

Аталған шара Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес медициналық көмектің бірыңғай базалық пакетін қалыптастыру аясында жүзеге асырылады. Онкоскринингтер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) тізіміне енгізіліп, халықтың әлеуметтік жағдайына тәуелсіз қолжетімді болады.              

Жаңа өзгерістердің басты мақсаты – қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтау. Ерте диагностика ауруды тиімді емдеуге, асқынудың алдын алуға және өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар онкологиялық ауруларға күдік туындаған жағдайда азаматтарға консультативтік-диагностикалық қызметтер де тегін көрсетіледі.                        

Бұл бастама халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттырып қана қоймай, денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы мен тиімділігін күшейтеді. Мемлекет алдағы уақытта да азаматтардың денсаулығын қорғауды басты басымдық ретінде қарастырып, медициналық қызмет сапасын жүйелі түрде жетілдіруді жалғастырады.