ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ФУРМАНОВ АЙНАЛМА КАНАЛЫ 40 ЖЫЛДАН КЕЙІН АЛҒАШ РЕТ МЕХАНИКАЛЫҚ ТАЗАЛАУДАН ӨТТІ
Бұл жұмыстар 2025 жылдың шілде айында басталып, 25 желтоқсанда толық аяқталды. Арнаны тазалау барысында 9 шынжыртабанды экскаватор мен 2 тиегіш техника тартылды. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді.
Жамбыл облысында Фурманов айналма каналында жүргізілген механикалық тазалау жұмыстары өңірдегі су шаруашылығының тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Аталған канал Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек елді мекендерінің бойымен өтеді. Тазалау нәтижесінде каналдың су өткізу қуаты ұлғайып, Түркістан облысының Созақ ауданына су жеткізу тиімділігі жақсарды.
Өткен вегетацияаралық кезеңде экологиялық мақсатта Созақ ауданына Шу өзенінен 1,5 млрд текше метр су жіберілген болатын. Бұл табиғи тепе-теңдікті сақтау мен өңірдегі су тапшылығының алдын алуда маңызды рөл атқарды.
Қазіргі таңда Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында Шу өзенінде реттеуші гидротехникалық құрылыс салу және өзен түбін тазалау жобасы әзірленіп жатыр. Аталған жоба су ресурстарын тиімді басқаруға және алдағы кезеңдерде туындауы мүмкін қауіптердің алдын алуға бағытталған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, келесі жылға жасалған болжамдарды ескере отырып, облыстағы су шаруашылығы нысандарының барынша дайындығы мен тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету аса маңызды.