ТАРАЗ ФУТБОЛ ЖҰЛДЫЗДАРЫН ҚАЛАЙ ДАЯРЛАЙДЫ?
КМҚК «Тараз» кәсіби футбол клубы – өңірдегі футболды жүйелі дамытуға бағытталған ірі спорттық құрылым. Клуб құрамында Қазақстан Республикасының Бірінші лига чемпионатында өнер көрсететін негізгі команда, сондай-ақ балалар-жасөспірімдер мен жастардан құралған Футбол орталығы жұмыс істейді.
Негізгі команда сапында 18 бен 33 жас аралығындағы 25 футболшы бар. Команда толығымен қазақстандық футбол мектептерінің тәрбиеленушілерінен құралған, легионерлер жоқ. Жаттықтырушылар штабы 3 маманнан, ал әкімшілік құрам 6 қызметкерден тұрады. Клуб балансында команданы тасымалдауға арналған «Scania» маркалы автобус пен «Hiace» шағын автобусы бар.
2025 жылы команда екі оқу-жаттығу жиынын өткізіп, маусым қорытындысында Бірінші лигадағы 14 команданың ішінде 8-орынды иеленді. Өз алаңында өткен 12 матчқа орта есеппен 2000 жанкүйер жиналды. Ал 2026 жылғы маусымға клуб басшылығы жоғары мақсат қойып отыр: Бірінші лигада 1 немесе 2-орын алып, 2027 жылы Премьер-лигада өнер көрсету.
«Тараз» футбол клубы жанындағы Футбол орталығы 2012 жылы ашылған. Оның басты мақсаты – облыстың негізгі командасына және Қазақстан Республикасының ұлттық құрамаларына кәсіби футболшылар даярлау. Қазіргі таңда орталықта 10–18 жас аралығындағы ұл балалардан құралған 9 команда, сондай-ақ 12–18 жас аралығындағы қыздардан тұратын 3 топ тұрақты түрде жаттығады. Барлығы 329 бала футболмен айналысады.
2025 жылы Футбол орталығында 23 жаттықтырушы, сондай-ақ директор, үйлестіруші, менеджер, әкімшілер мен дәрігер-массажистер қызмет атқарды. Барлық оқу-жаттығу сабақтары бекітілген кестеге сай өтеді, ал жарыстар Қазақстан футбол федерациясының регламентіне сәйкес ұйымдастырылады.
Осылайша, «Тараз» футбол клубы кәсіби команда нәтижесін жақсартумен қатар, жасөспірімдер футболын дамытуға да ерекше көңіл бөліп, болашақ футбол жұлдыздарын тәрбиелеуге жүйелі түрде үлес қосып келеді.