Жаңалықтар

ДИДАР СЫДЫҚБЕК: ШЕРХАН ҚАЛМҰРЗАНЫ «ТАРАЗҒА» ШАҚЫРУ ИДЕЯСЫ МЕНЕН ШЫҚТЫ

Шерхан Қалмұрзаның «Таразға» ауысуы мүмкін деген ақпарат қазақстандық футбол кеңістігінде қызу талқыға түсті. Бұл тақырыпқа «Қайрат» футбол клубының президенті Қайрат Боранбаевтың сыни жауабына қатысты өз пікірін білдірген «Тараз» футбол клубының президенті Дидар Сыдықбек журналист Гүлдана Жұмаділге берген сұхбатында қақпашыны өз командасына шақыру бастамасы өзінен шыққанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұл мәселеге байланысты Қайрат Боранбаевтың эмоциялық реакция танытуы орынды жағдай.

Сонымен қатар ол Шерхан Қалмұрзаның өзімен де тікелей сөйлескенін атап өтті.

– Біз ойыншымен байланысқа шықтық. Оның жауабы сабырлы болды. «Егер басшылық қарсы болмаса» деді. Яғни, бәрі клубтардың ресми шешіміне байланысты, – деп түсіндірді ол.

Клуб президенті бұл жағдайдың екі ұжым арасындағы қарым-қатынасқа әсер етпейтінін ерекше атап өтті.

– Бұл – футбол. Мұнда түрлі эмоция мен реакция болады. Бірақ екі клуб арасында ешқандай кикілжің жоқ және болмайды, – деді ол.

Сондай-ақ, «Тараз» клубының алдағы уақытқа арналған нақты стратегиясы бар екенін жеткізді.