Жаңалықтар

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ҚЫЗЫЛШАНЫҢ 191 ЖАҒДАЙЫ ТІРКЕЛДІ

Жамбыл облысында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қызылша ауруының 191 жағдайы тіркелді. Науқастардың 80 %-дан астамы - 14 жасқа дейінгі балалар. Атап айтқанда, 43 жағдай 1 жасқа дейінгі сәбилер арасында, 42 жағдай 1 жастағы балаларда, ал 54 жағдай 2-5 жас аралығындағы балаларда анықталған.

Тіркелген жағдайлардың басым бөлігі, яғни 81%-ы (155 жағдай) Тараз қаласына тиесілі. Қалған аудандарда қызылша ауруының 1-ден 14-ке дейінгі жағдайлары тіркелген.

Мамандардың мәліметінше, науқастардың 85%-ы вакцинацияланбаған. Вакцинациядан бас тарту — негізгі себептердің бірі болып отыр (33%). Сонымен қатар медициналық қарсы көрсетілімдер (15%) және екпе жасына жетпеу (22%) де аурудың таралуына әсер етуде.

Қызылша - өте жұқпалы, жедел вирустық инфекциялық ауру. Ол тек балаларға ғана емес, ересектерге де қауіпті. Ауру ауа-тамшы жолымен беріледі және адамдар көп жиналатын орындарда қысқа уақыттық байланыс кезінде де жұғуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, қызылшаның жұқпалылық индексі өте жоғары - бір науқас иммунитеті жоқ 20 адамға дейін жұқтыра алады.

Вирус жабық ғимараттарда бір сағатқа дейін сақталуы мүмкін. Мысалы, қызылшаға шалдыққан адам лифтпен жүрген жағдайда, одан кейін кірген жолаушылар бір сағат ішінде жұқтырып алуы ықтимал.

Ауру кенеттен басталады. Науқастың дене қызуы 38–40 градусқа дейін көтеріліп, мұрыннан су ағу, жөтел, дауыс қарлығуы, көздің қабынуы, қабақтың қызаруы мен ісінуі байқалады. Сонымен қатар лимфа түйіндері ұлғайып, жалпы әлсіздік пайда болады. Бірнеше күннен кейін денеде бөртпе шығып, алдымен бас аймағында байқалып, кейін бүкіл денеге таралады. Ересектер қызылшаны балаларға қарағанда ауыр түрде өткереді.

Мамандар қызылша ауруының алдын алудың ең тиімді жолы - уақтылы вакцинация екенін ескертеді. Сондықтан ата-аналарды балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, екпе салдыруға шақырады.