ТАЛАС АУДАНЫНДА 12 ЖҰҚПАЛЫ МАЛ АУРУЫНА ҚАРСЫ ПРОФИЛАКТИКА ЖҮРГІЗІЛДІ
2025 жылы Талас аудандық ветеринария бөлімі Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамаларына сәйкес эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жұқпалы аурулардың алдын алу және мал шаруашылығын дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізді.
Жыл басында бекітілген жоспарға сәйкес 12 түрлі жұқпалы ауруға қарсы вакцинациялау және диагностикалық іс-шаралар толық көлемде орындалды. Атап айтқанда, аусыл, сібір жарасы, нодулярлық түйнеме және құтыру ауруларына қарсы профилактикалық екпелер жүргізілді. Сонымен қатар, бруцеллез ауруына қарсы зертханалық тексерулер ұйымдастырылып, 2 бас уақ малдан оң нәтиже анықталды. Ауру анықталған мал иелеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес 44 250 теңге көлемінде өтемақы төленді.
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары да жоспарға сай жүзеге асырылды. 2025 жылдың соңына қарай аудан аумағында 35 мыңнан астам ірі қара, 451 мың уақ мал, 2,4 мың түйе, 21 мыңнан аса жылқы және 154 бас шошқа тіркелді. Төлдерді сырғалау жұмыстары 100 пайыз орындалып, жылқы малдарын чиптеу кезең-кезеңімен жалғасуда.
Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында 14 ауылдық округтің 6-ында заманауи ветеринариялық пункттердің құрылысы жүргізіліп, жұмыстардың 75–80 пайызы аяқталды. Қазіргі таңда аудан бойынша ветеринариялық пункттермен қамтылу деңгейі 80 пайызды құрайды. Сонымен қатар, ауылдық округтерге 10 жаңа «Нива» автокөлігі беріліп, автокөлікпен қамтылу 75 пайызға жетті.
Аудан аумағында тіркелген 7 сібір жарасы ошағы толық қоршалып, бетондалып, ескерту белгілері орнатылған. 2024–2025 жылдары адамдар мен жануарлар арасында бұл ауру тіркелген жоқ. Сондай-ақ, 7 Беккари шұңқыры бар, қамтылу деңгейі 50 пайызды құрайды.
Мал сою саласында да ветеринариялық бақылау күшейтілді. Ауданда жұмыс істеп тұрған 3 мал сою алаңшасында сою алдындағы және союдан кейінгі ветеринариялық тексерулер толық жүргізілді.
Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында табиғи ошақта орналасқан ауылдық округтерде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары 3 кезеңмен жүргізілді. Есепті кезеңде кене шағу дерегі тіркелген жоқ.
Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да белсенді жүргізілді. Жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша 57 кездесу өтіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде түсіндіру материалдары жарияланды. Сонымен қатар, ветеринария саласында цифрландыру бағытында АШЖБ, БАБЖ, VetLab, Itcor және Tort Tulik ақпараттық жүйелері тұрақты жұмыс істеуде.
Қазіргі таңда аудан бойынша 90 ветеринариялық маман қызмет атқарады. Мамандардың орташа жасы – 40 жас. 2025 жылы 4 жас маман жұмысқа қабылданып, оларға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілуде.
Қорытындылай келе, Талас ауданында эпизоотиялық жағдай тұрақты. Барлық ветеринариялық іс-шаралар жоспарға сай атқарылып, тұрғындар мен мал шаруашылығы үшін қауіпсіздік толық қамтамасыз етілді.