ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖҰМЫС НӘТИЖЕЛЕРІ
2025 жылы Департаменттің қызметі экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, көлеңкелі экономикамен күресуге және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталды. Есепті кезеңде өндірісте болған 104 қылмыстық істің 70-і Департаментпен тіркеліп, 68 қылмыстық іс сотқа жолданды. Азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол берілген жоқ.
Көлеңкелі экономикамен жүйелі күрес
Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қорғау – қаржылық мониторинг органдарының негізгі міндеті. Осы бағытта Департамент қызметінің басым бағыты көлеңкелі экономикаға қарсы күреске бағытталды. Бұл жұмыс тек қылмыстарды ашумен шектелмей, алдын алу, түсіндіру және профилактикалық шараларды қамтиды.
Қазақстан Республикасы Үкіметімен бекітілген Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар аясында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, кәсіпкерлер мен уәкілетті органдардың қатысуымен тұрақты түрде дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Онда акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы, мұнай өнімдері, заңсыз ойын-сауық бизнесі және қаржы пирамидалары мәселелері талқыланды.
Акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы
2025 жылы құны 3,7 млрд теңгеден асатын заңсыз акциздік өнімдер (шылым) айналымы бойынша 45 қылмыстық іс тіркелді. 4,4 млн қорап темекі өнімдері тәркіленіп, мемлекетке келтірілген ірі залалдың алдын алу шаралары қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыс ел экономикасын қорғауға және халық денсаулығын сақтауға тікелей ықпал етеді.
Қаржы пирамидалары мен заңсыз ойын-сауық бизнесіне тосқауыл
Қаржы пирамидалары мен заңсыз ойын-сауық бизнесіне қарсы күрес – қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі. 2025 жылы қаржы пирамидаларын ұйымдастыру және жарнамалау бойынша 4 қылмыстық іс тіркелді.
Интернет кеңістігінде 6 мыңнан астам сілтеме бұғатталып, мессенджерлердегі 1900 қатысушысы бар 5 чат жабылды. Бұл азаматтардың қаржысын сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Алдын алу және қаржылық сауаттылық
Департамент профилактикаға ерекше мән беріп, облыстың жоғары оқу орындары мен оқу мекемелерінде қаржылық сауаттылық пен цифрлық гигиена бойынша 20-дан астам дәріс өткізді.
«Заң және тәртіп» нарративі аясында қаржылық қауіпсіздік бойынша форумдар ұйымдастырылып, халықтың осал топтарына арналған ірі ақпараттық іс-шаралар өткізілді. Ақпараттық науқандар нәтижесінде халықты қамту деңгейі 200 мыңнан астам адамды құрады.
2025 жылы Жамбыл облысынан 100 мыңнан астам адам қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктантқа қатысты. Сонымен қатар, «Қаржы сақшысы» компьютерлік ойыны акциясына 57 мыңнан астам оқушы мен студент тартылып, облыс республика бойынша үздік көрсеткіштердің бірін көрсетті.
Қоғамға үндеу
Департамент барлық кәсіпкерлер мен азаматтарды заңнаманы сақтауға, заңды негізде жұмыс істеуге, салықты адал төлеуге және адал кәсіпкерлерді қолдауға шақырады.
Экономикалық құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты «AFM Insider» Telegram-боты арқылы немесе «Байқа, пирамида» ботымен тексеруге болады. Сенім телефоны: 34-75-38.