Жаңалықтар

САЛЫҚ КОДЕКСІНДЕГІ БИЗНЕС СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ АРНАУЛЫ САЛЫҚ РЕЖИМДЕРІНЕ КӨШУ ТӘРТІБІ

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Осыған байланысты арнаулы салық режимдері (АСР) жүйесі түбегейлі жаңартылып, бұрын қолданыста болған бірқатар режимдер күшін жойды.

Жаңа Салық кодексіне сәйкес, енді үш ғана арнаулы салық режимі көзделген:

өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін;

оңайлатылған декларация негізіндегі;

шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнаулы салық режимдері.

Ал бұрын қолданылған патент, арнаулы мобильді қосымша, бөлшек салық, тіркелген шегерім, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған АСР сияқты режимдер 2026 жылдан бастап қолданылмайды.

Осыған орай, қазіргі уақытта елімізде маңызды өтпелі кезең жүріп жатыр. Бұрын арнаулы салық режимдерін пайдаланған кәсіпкерлер 2026 жылдан бастап жаңа Салық кодексінің талаптарына сәйкес жұмыс істеу үшін өздеріне қолайлы салық салу режимін белгіленген мерзімде таңдауы тиіс.

Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі

2025 жылы оңайлатылған декларация, бөлшек салық немесе тіркелген шегерімдер негізіндегі арнаулы салық режимдерін қолданған салық төлеушілер, егер 2026 жылы да оңайлатылған декларация негізіндегі режимде қалуды жоспарласа, 2026 жылғы 1 наурызға дейін қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынуға міндетті.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимі

2026 жылғы 1 наурызда салық органдары 2025 жылы патент немесе арнаулы мобильді қосымша арқылы АСР қолданған салық төлеушілерді жеке кәсіпкер ретінде есептен автоматты түрде шығарады. Есептен шығару күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі.

Алайда, егер салық төлеуші алдын ала қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынып, басқа режимді таңдаған болса, автоматты түрде есептен шығару жүргізілмейді.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін қолдану «E-Salyq Business» мобильді қосымшасында алғашқы чек қалыптастырылған күннен бастап басталады.

Бұл режимнің негізгі шарттары:

жеке кәсіпкер болып тіркелмеген жеке тұлғалар қолдана алады;

жалдамалы жұмысшылар болмауы тиіс;

шекті табыс – айына 300 АЕК (жылына шамамен 15 млн теңге);

рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі ҚР Үкіметінің 2025 жылғы 21 қарашадағы №994 қаулысымен бекітілген (40 қызмет түрі);

табыстан 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төленеді;

жеке табыс салығынан босатылады;

салық есептілігі тапсырылмайды, есеп айырысу ай сайын мобильді қосымшадағы чектер арқылы жүргізіледі.

Шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнаулы салық режимі

Шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнаулы салық режиміне көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейін автоматты түрде жүзеге асырылады және салық төлеушілерден қосымша хабарлама талап етілмейді.

Бұл режим бойынша қолданыстағы тәртіп негізінен сақталады, алайда бірқатар өзгерістер бар. Атап айтқанда, бірыңғай жер салығы жойылып, салық жеке табыс салығы түрінде төленеді.

Негізгі шарттар:

ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыру;

ҚҚС пен әлеуметтік салық төленбейді;

ауыл шаруашылығында пайдаланылатын мүлік пен көлік салығынан босатылады;

ЖТС ставкасы – айналымнан 0,5%;

жер учаскесінің болуы міндетті;

салық есептілігі жылына бір рет тапсырылады (920.00 нысанының орнына 200.00 нысаны енгізіледі деп жоспарланған).