ЕРКІН КҮРЕСТЕН ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ 5 ДҮРКІН КОМАНДАЛЫҚ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ
Еркін күрес – Қазақстан спортындағы дәстүрі терең, жетістігі мол олимпиадалық спорт түрлерінің бірі. Бұл салада ел намысын қорғап жүрген балуандарымыз халықаралық ареналарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ұлттық спорттың беделін арттырып келеді. Соның айқын дәлелі – Қазақстан Республикасы чемпионатының жалпы командалық есепте 5 дүркін жеңімпазы атанған мықты команда.
Команда сапында әлемдік және құрлықтық додаларда топ жарған атақты спортшылар бар. Солардың бірі – Ерғали Әлішер. Ол еркін күрестен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Токио және Париж Олимпиада ойындарының қатысушысы. Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері, U23 Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстан Кубогының иегері және ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы ретінде танылған.
Аширов Мейіржан да – еркін күрестен ҚР ХДСШ. Ол әскерилер мен студенттер арасында өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы, 2025 жылғы Қазақстан Кубогының күміс жүлдегері, сондай-ақ Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы мен жүлдегері.
Азия ареналарында тұрақты нәтиже көрсетіп жүрген балуандардың бірі – Қалжан Рахат. Ол еркін күрестен ҚР ХДСШ, Азия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, Ислам ынтымақтастық ойындарының қола жүлдегері және Қазақстан чемпионатының бірнеше мәрте жеңімпазы.
Жас спортшылар арасында ерекше көзге түскен Нұрланбек Әбдінұр – еркін күрестен ҚР спорт шебері. Ол 2021 жылы кадеттер арасында Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2024 жылы U20 Азия чемпионатының қола жүлдегері атанып, 2025 жылғы Қазақстан Кубогында қола медаль иеленді.
Ергеш Дәулет – U23 Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2022), 2025 жылғы Қазақстан Кубогының иегері, ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. Ал Қуанышбай Нұрдәулет U20 Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2021), U23 Азия чемпионатының қола жүлдегері (2023) ретінде халықаралық деңгейде танылған.
Сондай-ақ, Гафуров Юнус – U23 Азия чемпионатының жеңімпазы (2022), Қазақстан Кубогының күміс жүлдегері, ал Қуанышбай Елдос – Қазақстан чемпионаты мен Кубогының бірнеше мәрте жүлдегері.
Бұл спортшылардың жетістігі – жүйелі дайындықтың, табандылық пен отанға деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Еркін күрес шеберлері жас ұрпаққа үлгі болып, Қазақстан спортын жаңа белестерге жетелей бермек.