Жаңалықтар

ТІЛ ОҚЫТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНДА FACE ID ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛДІ

Мемлекеттік тілді оқыту үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында 2025 жылғы 17 шілдеден бастап тілдерді оқыту орталықтарында Face ID - бет-әлпетті сканерлеу арқылы тыңдаушыларды сәйкестендіру жүйесі іске қосылды.

Жаңа жүйе тыңдаушылардың сабаққа қатысуын нақты бақылауға, жалған тіркеулердің алдын алуға және оқу процесін толық автоматтандыруға мүмкіндік береді. Face ID арқылы әрбір тыңдаушының сабаққа қатысуы веб-нұсқа арқылы тіркеліп, мәліметтер нақты уақыт режимінде жүйеде көрініс табады.

Жүйені енгізуге облыстық бюджеттен 20,0 млн теңге қарастырылып, конкурс нәтижесінде жоба 16,8 млн теңгеге іске асырылды. Бақылау үдерісінің автоматтандырылуы тіл оқыту курстарының сапасын арттырып, мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүзеге асыруға ықпал етуде.

Жүйе іске қосылғанға дейін жоспарланған 4135 тыңдаушының 2246-сы курстан өткен. Ал 17 шілдеден кейін жүйеге 1460 тыңдаушы тіркеліп, белгілі себептерге байланысты 429 адам тіркелмеді. Олардың қатарында қауіпсіздік талаптарына сәйкес деректері ашық жарияланбайтын әскери және арнайы органдар қызметкерлері бар.

Ағымдағы жылы Face ID жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 10,0 млн теңге бөлініп, техникалық қолдау көрсетуге арналған мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Аталған цифрлық жаңашылдық мемлекеттік тілді оқыту жүйесін заманауи талаптарға сай жетілдіріп, білім алушылар үшін әділ әрі ашық оқу ортасын қалыптастыруға бағытталған.