ЖАМБЫЛДА ЖЫЛУ ҮШІН АРТЫҚ ТӨЛЕНГЕН 19 МЛН ТЕҢГЕ ҚАЙТАРЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті өңірде тарифтік реттеу және табиғи монополиялар субъектілерінің заңнаманы сақтауын бақылау бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырып келеді.
Департаменттің басты мақсаты – тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыру.
Қазіргі уақытта департамент Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік тіркелімнің жергілікті бөліміне енгізілген 37 табиғи монополия субъектісін реттейді. Олар 57 қызмет түрін көрсетеді. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау, табиғи газ тасымалдау, электр энергиясын беру және бөлу, сондай-ақ кірме темір жолдары қызметтері бар.
2025 жылдың басынан бері департаментке 24 табиғи монополия субъектісінен тарифтерді бекітуге 79 өтінім, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар субъектілерден шекті бағаны өзгерту туралы 2 хабарлама келіп түсті. Қарау нәтижесінде 30 тариф бекітіліп, 27 өтінім бойынша бас тартылды, 21 өтінім кері қайтарылды, 1 өтінім қаралуда, ал 2 хабарлама бойынша шекті бағаның өзгеруі келісілді.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2 субъектінің инвестициялық бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, «Таразтрансэнерго» КМК бойынша Тараз қаласында 858,5 млн теңгеден астам қаржыға М-1 жылу магистралін қайта жаңарту жобасы іске асырылуда. Ал «Жамбыл Су» КМК су құбыры желілерін қалпына келтіру және жаңғыртуға 266,7 млн теңге бағыттады. Қосымша инвестициялардың жалпы көлемі 1,1 млрд теңгеден асты, бұл өңірдің коммуналдық инфрақұрылымын жаңартуға серпін беруде.
Департамент жыл сайын тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуына талдау жүргізеді. 2024 жылғы талдау қорытындысы бойынша 10 табиғи монополия субъектісінде реттелетін қызметтің 16 түрі бойынша 769,6 млн теңгеге шығындар орындалмағаны анықталды. Осыған байланысты қолданыстағы тарифтерді төмендету арқылы уақытша өтемдік тарифтер бекітілді.
Сонымен қатар, 2024–2025 жылғы жылыту маусымы қорытындысы бойынша сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріліп, Жамбыл облысының тұтынушыларына 19 млн теңгеден астам қаражат (ҚҚС-сыз) қайтарылды.
Бақылау қызметі шеңберінде 2025 жылы 4 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 2 субъектіден заңбұзушылықтар анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 27 іс қозғалды. Жалпы сомасы 34,3 млн теңгеге айыппұл салынды, оның 30 млн теңгеден астамы бюджетке өндірілді.
Департамент мемлекеттік қызметтің 4 түрін көрсетеді. 2025 жылы 24 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, бас тарту фактілері тіркелген жоқ.
Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. 2025 жылы мемлекеттік органдар, депутаттар, партиялар, кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен 95 іс-шара өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 359 материал жарияланды.
Жыл ішінде департаментке 213 өтініш келіп түсті. Барлығы заңнамада белгіленген мерзімде қаралып, қайталама өтініштер тіркелмеді.
Алдағы уақытта департамент тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілерінің мүдделерін тең дәрежеде ескере отырып, әділ, әлеуметтік бағдарланған және ашық тарифтік саясатты іске асыруды жалғастыра бермек.