2025 ЖЫЛЫ АЛАЯҚТЫҚ ІСТЕРІ БОЙЫНША 11 МЛН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ЗАЛАЛ ӨТЕЛДІ
Жамбыл облысы аумағында қаржы пирамидаларына қатысты құқық бұзушылықтар әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Экономикалық тергеу қызметінің мәліметінше, тек 2025 жылдың өзінде қаржы пирамидаларын ұйымдастыру және заңсыз жарнамалау деректері бойынша 4 қылмыстық іс тіркелген. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-1-бабы бойынша қаржы пирамидасын заңсыз жарнамалау фактілері анықталған.
Соңғы үш жыл ішінде өңірде қаржы пирамидаларының әрекетінен 200-ден астам азамат зардап шеккен. Бұл – құқық қорғау органдарына ресми түрде жүгінген тұрғындар саны ғана. Мамандардың айтуынша, алаяқтарға алданған азаматтар қаражатын қайтару мүмкіндігін арттыру үшін дереу құқық қорғау органдарына хабарласуы қажет. Уақытылы әрекет етпеген жағдайда қылмыскерлер қаражатты жасырып, шетелге шығарып немесе толықтай ысырап етуі мүмкін.
Экономикалық тергеу департаменті келтірілген шығынды өтеу және заңсыз алынған кірістерді анықтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. 2025 жылы жүргізілген тергеу нәтижесінде зардап шеккен азаматтарға 11 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Ал соңғы үш жылда жалпы өтелген залал көлемі 56 миллион теңгеден асты.
Қаржы пирамидалары көбіне өз қызметін ірі ұйым немесе кооператив ретінде жасырып, жоғары табысқа уәде береді. Соның бірі – Асар Баспана қаржы пирамидасы. Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізген арнайы операция барысында бұл ұйымның заңсыз қызметі әшкереленді. Салымшыларға жылжымайтын мүлік, автокөлік және тұрмыстық тауарлар сатып алу үшін инвестиция салу ұсынылып, ай сайын 30%-ға дейін табыс уәде етілген.
Тінту барысында 1,1 миллиард теңгеден астам қолма-қол ақша мен 10 автокөлік тәркіленді. Аталған іс бойынша тергеу аяқталып, 2026 жылдың ақпанында іс Алматы қаласының сотына жолданды.
Сондай-ақ соңғы уақытта «дропперлік схема» деп аталатын жаңа алаяқтық тәсілі таралуда. Бұл жағдайда алаяқтар азаматтардың банктік карталарын заңсыз қаржылық операцияларға пайдаланады. Мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Заңнамаға сәйкес, қаржы пирамидасын ұйымдастыру және басқару 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғады. Ал қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Алдын алу шаралары аясында 2025 жылы қаржы пирамида белгілері бар 6 мың интернет сілтеме бұғатталып, 1900 қатысушысы бар 5 чат жабылды. Сонымен қатар өңірде қаржылық қауіпсіздік бойынша дәрістер, форумдар және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Мамандар азаматтарды қырағы болуға, күмәнді ұйымдарға ақша салмауға және заңсыз әрекеттер туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.