Жаңалықтар

2025 ЖЫЛЫ БАСҚАРМА ТАРАПЫНАН 237 ЖОСПАРДАН ТЫС ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗІЛДІ

2025 жылы уәкілетті басқарма тарапынан құрылыс саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында барлығы 237 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексерулер барысында құрылыс нысандарындағы талаптардың орындалуы, жобалық құжаттамалардың сақталуы, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалау жұмыстарының сапасы зерделенді.

Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде 160 нұсқама беріліп, заңнама талаптарын бұзу фактілері бойынша 504 әкімшілік іс қозғалды. Оның ішінде 399 тапсырыс беруші, 30 мердігер, 15 жобалаушы, 5 сараптама ұйымы, 2 геологиялық зерттеу ұйымы, сондай-ақ 34 техникалық қадағалаушы және 19 авторлық қадағалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аталған құқық бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларға жалпы сомасы 130 302 809 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Басқарма тарапынан жүргізіліп жатқан мұндай бақылау шаралары құрылыс саласында заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге, құрылыс сапасын арттыруға және қауіпсіздік талаптарының орындалуына бағытталған. Алдағы уақытта да құрылыс нысандарындағы заң бұзушылықтардың алдын алу және оларды болдырмау мақсатында бақылау жұмыстары жалғасатын болады.