ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША «ЖЕДЕЛ ЖЕЛІ» ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардың өрт қауіпсіздігіне қатысты сауалдарына жедел жауап беру мақсатында арнайы «Жедел желіні» іске қосты. Бұл бастама «Өзіңді тексеріп қауіпсіз бол» акциясы аясында ұйымдастырылып отыр.
Жаңа қызметтің негізгі мақсаты – азаматтарға тұрмыста және жұмыс орындарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес беру, сондай-ақ алдын алу шаралары туралы ақпараттандыру. Мамандар тұрғындарға өрттің алдын алу жолдары, қауіпсіздік талаптары және төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
«Жедел желі» департаменттің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы базасында құрылған. Кеңес беру қызметі жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін жүргізіледі.
Өрт қауіпсіздігіне қатысты сұрақтары бар азаматтар төмендегі байланыс нөмірі арқылы мамандардан кеңес ала алады:
☎️ 43-58-39
Мамандар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға, тұрмыста қауіпсіздік талаптарына мұқият болуға және өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.