БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕРІ
2026 жылғы 13 наурызда Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Оршубеков Нұрбек Әбубекұлы облыстың білім саласындағы негізгі көрсеткіштер, қол жеткізілген нәтижелер және алдағы жоспарлар туралы баспасөз конференциясын өткізді.
Облыста 619 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп, 63 645 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 1–6 жас аралығында – 98,4 %, 2–6 жас аралығында – 98,9 %, ал 3–6 жас аралығында – 100 % құрайды. Барлық ұйымдар автоматтандырылып, ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшірілген, Face ID жүйесі енгізілгені ата-аналар үшін қызметтердің ашықтығын арттырып, қолайлы жағдай туғызуда.
Орта білім беру саласында да бірқатар оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда облыста 531 мектепте 245 мыңнан астам оқушы білім алуда, оның ішінде 73 жекеменшік мектепте 18 467 оқушы оқиды. Жекеменшік мектептерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан 2026 жылға 12,5 млрд теңге қарастырылған. 2025 жылы 14 жаңа білім беру нысаны пайдалануға беріліп, апатты жағдайдағы мектептер, үш ауысымды мектептер және орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі шешілді. Сонымен қатар 16 білім беру нысанында күрделі жөндеу, 41 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс педагогтері мен оқушылары халықаралық және республикалық конкурстарда елеулі жетістіктерге жетті. 113 педагог жеңімпаз атанса, оқушылар халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында 468 медаль жеңіп алды. Сонымен қатар облыс командасы 16 жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытындысы бойынша «Ең үздік команда» атағын иеленіп, республикалық олимпиада қорытындысында «Үздік олимпиадалық команда» деп танылды.
Дарынды балаларды қолдау бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Облыста алғаш рет мамандандырылған әскери мектеп-интернат ашылды, «Дарын» лицей-интернаты жаңа ғимаратқа көшірілді, ал IT-лицейіне 300 орындық қосымша ғимарат салу жұмыстары жүргізілуде.
Білім сапасын арттыру бағытында 2025–2026 оқу жылының бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша білім сапасы 65,1 % болып, өткен жылмен салыстырғанда 1,3 % өсті. Қазіргі таңда 451 мемлекеттік мектепте 28 мыңнан астам педагог жұмыс істейді.
Инклюзивті білім беру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны 10 073 болып, олардың 76,7 % біліммен қамтылған. Мемлекеттік мектептердің 95 %, балабақшалардың 82,5 %, колледждердің 100 % инклюзивті білім беруге жағдай жасаған.
Балалардың қауіпсіздігі мәселесіне де басымдық берілген. 8–11 сынып оқушылары мен колледж студенттері арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, шамамен 70 мың бала қамтылды. Барлық мектептерде «ДосболLIKE» бағдарламасы, «109» сенім телефоны, «111» мемлекеттік байланыс орталығы және «Komek Stop Bullying Jambyl» телеграм арнасы жұмыс істейді.
Техникалық және кәсіптік білім беру саласында облыста 42 колледжде 28 864 студент білім алуда, олардың 73 % мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқиды. Колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға 671,8 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар жеке кәсіпкердің есебінен 150 орындық жатақхана пайдалануға берілді.
Алдағы кезеңде облыста 12 жаңа білім беру нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік – Жамбыл облысы» жобасы 80 мектепте, «Zhambyl AI Mektebi» жобасы 150 мектепте іске асырылады. Балаларды қосымша біліммен қамту үлесін 95 %, ал жазғы сауықтыру шараларымен қамту көрсеткішін 90 % дейін жеткізу жоспарлануда.
Жалпы, Жамбыл облысында білім беру жүйесін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта басты басымдықтар білім сапасын арттыру, білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету, педагогтердің кәсіби әлеуетін дамыту және балалар үшін қауіпсіз әрі қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру болып қала береді.