ЖАМБЫЛДА ЕГІС КӨЛЕМІ МЕН ӨНІМ ӨНДІРІСІ ҚАРҚЫНДЫ ӨСУДЕ
Жамбыл облысында агроөнеркәсіп саласы қарқынды дамып, егіс алқаптарының көлемі мен өнім өндірісі жыл сайын артып келеді. Өңірде ауыл шаруашылығын қолдау, инвестиция тарту және заманауи технологияларды енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
➡️ Егіс алқабы 665 мың гектарға дейін ұлғаяды
➡️ Жүгері өндірісі 5 есеге дейін артады
➡️ 450 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарлануда
Бүгінде көктемгі дала жұмыстары белсенді жүргізілуде. Атап айтқанда, 19,9 мың гектар алқапта көктемгі жер жырту жұмыстары аяқталды. Ал 2026 жылы егіс алқаптарының көлемін 665,4 мың гектарға дейін ұлғайтып, ауқымды егін егу жоспарланып отыр.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау да күшейтілуде. Мемлекет тарапынан ұсынылатын шекті баға нарықтағыдан 15%-ға төмен белгіленіп, шаруалардың шығындарын азайтуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасына 2,5 млрд теңге бөлінді.
Өңірде ірі инвестициялық жобалар да іске асырылуда. Соның бірі – жүгеріні терең өңдеуге бағытталған Fufeng Group компаниясының өндірістік кешені. Жобаның алғашқы кезеңінде жылына 500 мың тонна жүгері өңделеді. Жалпы құны 800 млрд теңгені құрайтын бұл жоба кезең-кезеңімен кеңейтіліп, 2028-2029 жылдары толық қуатына шыққанда жылына 3 млн тонна жүгері өңдеуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, 2025 жылмен салыстырғанда жүгері өндірісі 5 есеге дейін артады.
Сондай-ақ, 2027 жылы қытайлық «Zhongkai Kazakhstan» компаниясының жаңа қант зауытын іске қосу жоспарлануда. Бұл кәсіпорын жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеп, 130 мың тонна қант өндіретін болады. Соның нәтижесінде өңірде 450 мың тоннаға дейін қант қызылшасын жинау көзделіп отыр.
Жалпы алғанда, Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласының дамуы – өңір экономикасының өсуіне серпін беріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруда.