ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНА ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 6000-ҒА ЖУЫҚ ШЕТЕЛ АЗАМАТЫ КЕЛГЕН
Жамбыл облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасымен 2026 жылдың алғашқы 2 айында көші-қон саласында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылықтар анықталды.
Есепті кезеңде өңірге 5969 шетел азаматы келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім бар екенін көрсетеді. Келушілердің барлығы ТМД елдерінің азаматтары. Олардың басым бөлігі, яғни 5320 адам еңбек ету мақсатында келген.
Полиция қызметкерлерімен анықталған көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 940 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 269 адам ел аумағынан шығарылды.
Шетелдіктердің Қазақстанда болу қағидаларын бұзуы, тіркеусіз тұру, мерзімінен артық болу және келу мақсатына сәйкес келмейтін қызметпен айналысу жағдайларына қатысты 708 дерек тіркелді.
Сонымен қатар, шетелдіктерді қабылдау талаптарын бұзған 189 кәсіп иесіне, заңсыз еңбек көші-қонын жүзеге асырған 43 азаматқа, және құжаттандыру талаптарын бұзған 32 азаматқа әкімшілік жауапкершілік жүктелді.
Жамбыл облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Арай Айымбектің айтуынша, көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету – негізгі басым бағыттардың бірі.
«Қазіргі таңда облыста 6549 шетелдік тұрақты тұрып жатыр. Есепті кезеңде 251 адамға тұрақты тұруға рұқсат беріліп, 278 адам Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алды. Бұл бағыттағы бақылау алдағы уақытта да күшейтіледі», – деп атап өтті ол.
Жамбыл облысы Полиция департаменті көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетінін еске салады.