Жаңалықтар

КӨКТЕМГІ ШАҚЫРУ МАУСЫМЫНДА ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНАН 1500-ГЕ ЖУЫҚ АЗАМАТ МЕРЗІМДІ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТКЕ ШАҚЫРЫЛАДЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес ағымдағы жылдың 17 наурызынан бастап қалалық және аудандық әскери комиссиялар әкімдердің орынбасарларының төрағалығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруға кірісті.

Көктемгі шақыру науқаны барысында Қазақстанның Қарулы күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қатарына 18 пен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат толықтырады. Олар Қарулы күштерге, Ұлттық ұланға, ҰҚК Шекара қызметіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне және Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі. Жамбыл облысынан көктемгі шақыру кезеңінде шақыру жасындағы 1500 жігіт шақырылады. Көктемгі шақыру науқаны 2026 жылғы 30 маусымға дейін жалғасады.

Азаматтарға шақыру қағаздары келу күнінен кемінде үш күн бұрын SMS-хабарламалар және eGov порталындағы хабарландырулар арқылы жіберіледі. Мұндай хабарлама ресми шақыру қағазы болып саналады және оны алған азамат әскери комиссариатқа немесе шақыру пунктіне келуге міндетті.

Қорғаныс министрлігімен әскери есеп процестерін автоматтандыруды көздейтін «Smart военкомат» жобасы іске асырылуда. Жүйе шақырылушылар мен әскери міндеттілердің дербес есебін, азаматтардың тұрғылықты жерін ауыстырған кезде автоматты түрде есепке қоюды, 17 жасар жасөспірімдерді тіркеуді, сондай-ақ шақырудан кейінге қалдырулар мен босатуларды автоматты түрде беруді қамтамасыз етеді. Шақыру туралы бұйрықтар электронды форматта ресімделеді, бұл әскери қызметшілерге несиелік демалыстар беру үшін кредиттік бюроларға ақпаратты автоматты түрде жіберуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, шақырылушыларды медициналық куәландыру кезінде қолданылатын «Е-Медосмотр» медициналық жүйесімен интеграция енгізілген. Қазіргі уақытта цифрлық медициналық куәландыру Астанада, Шымкентте, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Жетісу облысында қолданылуда.

Жергілікті әскери басқару органдарына дәлелді себепсіз келмеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Мән-жайларға байланысты азаматқа әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылуы мүмкін. Шақырудан әдейі жалтару жағдайында қылмыстық заңнаманың нормаларына сәйкес жауапкершілік көзделген.