Жаңалықтар

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА БІРЫҢҒАЙ АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕСІНДЕ 146 ЖОБА ЕНГІЗІЛДІ

Жамбыл облысында өңірлік дамуды жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатында бірыңғай ақпараттық жүйе аясында бес бағыт бойынша жалпы 146 жоба енгізіліп, кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бұл жобалар аймақтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, халықтың өмір сапасын жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

Аталған жобалар бес негізгі бағыт бойынша бөлінген. Атап айтқанда, «Адами капитал» бағыты бойынша – 8 жоба, «Инфрақұрылымды дамыту» бағыты бойынша – 18 жоба, «Кәсіпкерлік және инновация» бағыты бойынша – 1 жоба, «Агроөнеркәсіптік кешен» бағыты бойынша – 107 жоба, ал «Үлгілік базалық бағыт» бойынша – 13 жоба жүзеге асырылуда.

Жобаларды іске асыру Қазақстан Республикасы Президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары, сондай-ақ «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында белгіленген міндеттер негізінде жүргізілуде. Сонымен қатар, Президент Әкімшілігінің тапсырмалары мен түрлі жол карталарында айқындалған бастамалар да өз кезегінде нақты іске асырылып келеді.

Бес бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар бірқатар мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар аясында қамтылған. Олардың қатарында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы, «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы, сондай-ақ 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық даму жоспары бар.

Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимылға бағытталған ТБН-4 жобасы, сондай-ақ есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу және қоғамдағы маскүнемдікке қарсы күреске бағытталған ТБН-7 жобалары да жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Жалпы алғанда, Жамбыл облысында цифрландыру және инвестициялық бағыттағы жобалар өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып дербес айқындалып, бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы тиімді басқарылып келеді. Бұл өз кезегінде өңірдің тұрақты дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға оң ықпал етуде.