"SKILLS ENBEK" ПОРТАЛЫ АРҚЫЛЫ 2 800-ДЕН АСТАМ АДАМ ОНЛАЙН ОҚЫТУ ЖОСПАРЛАНУДА
- author Zhambylokq
- Бүгін, 14:51
- 4
Атап айтқанда, жұмыссыз азаматтарды «Skills Enbek» порталы арқылы онлайн оқыту бағыты бойынша 2 820 адамды қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 725 адам оқуға жолданып, оның ішінде 121 жас оқуын аяқтап, сертификат алған. Сонымен қатар, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 593 адам оқуға жіберіліп, 173 жас сертификатқа ие болды. Жалпы жоспар бойынша 4 375 адамды оқыту көзделген.
Мамандардың айтуынша, білім алуға және жаңа мамандық игеруге ниетті азаматтар үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Оқу курстарының ұзақтығы 37-40 сағатты құрайды, бұл қысқа мерзім ішінде қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 15 мыңнан астам жұмыссыз азаматты қамти отырып, 120 бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда Тараз қаласы мен аудандық мансаптық орталық филиалдарының ұйымдастыруымен 20 жәрмеңке өткізіліп, нәтижесінде 278 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жалпы алғанда, өңірде жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар оң нәтижесін беруде. Нәтижесінде еңбек нарығындағы тұрақтылық сақталып, 2026 жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады.
Жауапты басқарманың мәліметінше, бекітілген барлық межелер мен көрсеткіштер есепті кезеңнің соңына дейін толық орындалады деп күтілуде.




