ЖАМБЫЛДА 5 ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ПУНКТ ҚОЛДАНЫСҚА БЕРУ ЖОСПАРЛАНУДА
Жамбыл облысында ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту бағытында маңызды жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, биыл 5 ветеринариялық пункттің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілу жоспарланып отыр.
Жаңа нысандар Қорағаты, Көгершін, Луговой, Көкдөнен және Өрнек елді мекендерінде орналасады. Бұл ветеринариялық пункттер ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, мал шаруашылығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Аталған нысандар іске қосылғаннан кейін жергілікті тұрғындарға көрсетілетін ветеринариялық қызметтің сапасы артып, аурулардың алдын алу, малды уақытылы тексеру және вакцинациялау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. Сонымен қатар, бұл бастама эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыруға және жұқпалы аурулардың таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Жалпы, ветеринариялық пункттердің ашылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау болмақ. Себебі, шалғай елді мекендерде мал дәрігерлік қызметке қолжетімділік мәселесі жиі туындайды. Жаңа нысандар осы түйткілді шешіп, халыққа жақын әрі қолжетімді қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.
Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасып, өңірдегі ветеринариялық жүйе кезең-кезеңімен жаңғыртыла бермек.