Жаңалықтар

ТАРАЗДА 15 СӘУІРМЕН 15 МАМЫР АРАЛЫҒЫНДА УАҚЫТША ЫСТЫҚ СУ ӨШІРІЛЕДІ

Құрметті Тараз қаласының тұрғындары!

Жылдағыдай алдағы жылыту маусымына дайындық шеңберінде жылу желілеріне гидравликалық сынақ, сондай-ақ жылу қазандықтарындағы қосалқы жабдықтарды жөндеу және тексеру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізіледі.
Осыған байланысты, 2026 жылғы 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында 30 күн қала аумағында ыстық су беру уақытша тоқтатылады.

🔷 Жылу желілеріне гидравликалық сынақ жүргізу – алдағы жылыту маусымына сапалы дайындалудың маңызды кезеңі.
Сынақтың негізгі мақсаты – құбырлардың беріктігін, тығыздығын және сенімділігін тексеру.
Сынақ барысында жылу құбырларына жоғары қысымдағы су жіберіледі. Бұл әдіс арқылы желідегі әлсіз тұстар, жарықтар мен ақаулар алдын ала анықталады.

🔷 Уақытында табылған ақаулар апаттардың алдын алуға, жылу беру кезінде үзілістерді болдырмауға және тұрғындарды тұрақты әрі сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жылу қазандықтарындағы жабдықтарды жөндеу, тексеру – олардың үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет.
Мұның барлығы сіздердің жайлы өмір сүріп, қысқы апаттардың алдын алып, жылу беру жүйесінің тиімділігін арттыру үшін атқарылады.
Ал осы жұмыстардың уақытылы орындалуы Тараз қаласы әкімі Бақытжан Орынбековтің тікелей бақылауында болады.

📌 Құрметті қала тұрғындары уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұраймыз!