Жаңалықтар

НИДЕРЛАНД КОРОЛЬДІГІ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНА 40 МЫҢ ТҮП ҚЫЗҒАЛДАҚ СЫЙЛАДЫ

Жамбыл облысында екінші рет өткен «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Талас ауданы, Есейхан ауылында өткен ауқымды шараға 6 мыңға жуық адам жиналды. Олардың қатарында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, Мәжіліс депутаттары, шетелдік туристер мен халықаралық сарапшылар болды.

Фестивальдің басты мақсаты – табиғатты қорғау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өңірдің туристік әлеуетін таныту. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұл бастаманың табиғат пен дәстүрді ұштастырып, келер ұрпаққа құнды мұра қалдыруға бағытталғанын атап өтті.

Жамбыл өңірінде қызғалдақтың 18 түрі өседі, оның 10-ы Қызыл кітапқа енген. Биылғы фестивальдің басты жаңалығы – Нидерланд Корольдігінен Жамбыл облысына 40 мың түп қызғалдақ тұқымының сыйға берілуі болды.

Фестиваль аясында киіз үйлер тігіліп, қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды. Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды. Қымызмұрындық дәстүрі жаңғыртылып, мерекелік концертте белгілі өнерпаздар ән шырқады.

«Қызғалдақ мұра» фестивалі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясымен үндесіп, 200-ден астам ерікті фестиваль аумағын тазартуға атсалысты.