Президент Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты
Президент Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға жұмыс сапары барысында Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты. Мемлекет басшысы, ең алдымен, құрмет көрсеткені әрі іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін тәжік тарапына және Президент Эмомали Рахмонға алғыс айтты, сондай-ақ форумға қатысып отырған БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі Кахи Имнадзеге ілтипат білдірді. Президент өз сөзінде Халықаралық Аралды құтқару қорының 30 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған мерейтойлық саммиттің символдық мәні бар екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Тәжікстанның төрағалығын жоғары бағалап, осы кезеңде Қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесі белсенді жүргізілгенін атап өтті.
Президент саммитке қатысушылардың назарын аймақ алдында тұрған бірқатар сын-қатерлер мен проблемаларға аударды
Мұнан соң Мемлекет басшысы суды тиімсіз пайдалану мәселесіне тоқталды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қорды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Президент ең алдымен, Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесін тезірек аяқтауға шақырды.
Президент аймақтағы барлық елдің мүдделерін ескере отырып, Орталық Азияның су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақ мерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құру қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақта суды пайдаланудың ашықтығын және Орталық Азия елдері арасында достықты қамтамасыз ету мақсатында Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жасайтын, басқаратын және бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеуді ұсынды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру қажет екеніне назар аударды. Бұл бастама климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту үшін пәрменді шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкектің Қорды жетілдіру жөніндегі Жұмыс тобының қызметіне атсалысуын оң бағалап, Қырғыз Республикасын қайтадан Халықаралық Аралды құтқару қорының толыққанды мүшесі болуға шақырды. Президент сөзін қорытындылай келе, тығыз ынтымақтастық, өзара тиімді серіктестік жасау және бір-біріміздің мүдделерімізді құрметтеу арқылы ғана аймақтың тұрақты дамуы, қауіпсіздігі мен экономикалық әл-ауқаты қамтамасыз етілетінін атап өтті. Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қорының аясындағы жоғары деңгейдегі келесі кездесуді еліміз бастамашы болған БҰҰ шеңберіндегі Аймақтық климаттық саммитпен біріктіре отырып, 2026 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды. Сонымен қатар жиында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасының бірінші орынбасары Адылбек Қасымалиев сөз сөйледі. Саммит қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
- Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының Душанбе мәлімдемесі;
- Тәжікстан Республикасының Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығының қорытындылары туралы Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының шешімі;
- Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдық құрылымын және шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі қызмет туралы Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының шешімі;
- Халықаралық Аралды құтқару қорының Президентін сайлау туралы Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының шешімі.