Брифинг
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына сәйкес атқарылған жұмыстар туралы
- author Zhambylokq
- 6 қазан, 2023
- 34
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына сәйкес атқарылған жұмыстар туралы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің 9 айда сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына сәйкес атқарылған жұмысы.Тұрғындарды толғандыратын сұрақтарды ескере отырып өңірлік сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы 7 негізгі бағытты қамтиды. Олар: білім, жолдар мен инфрақұрылым, құрылыс пен тұрғын үй, жер бөлу, қаржы және экономика, бизнес саласы кіреді. Осы бағыттар бойынша бүгінгі күнге дейін бірқатар жұмыстар атқарылды. Ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүргізілген мониторинг барысында, Меркі ауданының бұрынғы басшылығы кәсіпкерге 12 ауылдық округін (10 мыңнан астам абонент) ауыз сумен қамтамасыз ететін су шаруашылығы құрылыстарын сенімгерлік басқаруға заңсыз бергені, сондай-ақ, оның су тарифі басқа аудандармен салыстырғанда әлдекайда жоғары екені анықталған. Департаменттің ұсынысынан кейін су шаруашылығы құрылыстары жаңадан ашылған «Алатау Су-жылу» КМК балансына қайтарылып, су тарифінің бағасы 40 және 22 теңгеге төмендетілді (бұрын заңды тұлға текше метр су үшін 190 теңге, қазір 150 теңге төлейді, жеке тұлғалар бір текше метр су үшін 104 теңге қазір 82 теңге). Қазіргі таңда, мүлікті қабылдау актісіне сәйкес жұмыс атқарылуда.
Сонымен қатар, осыған дейін «Байзақ су» КМК басшылығының ауыз су есептегіштеріне пломба орнатқаны үшін 149 жеке тұлғадан және 8 бизнессубъектісінен ақы алу фактісі анықталған.Департамент енгізген ұсынысынан кейін, ақы алу дерегі тоқтатылып, пломба орнатқаны үшін төленген ақша кәсіпкерлік субъектілеріне кері қайтарылды. Сондай-ақ, ауыз су үшін тарифінің бағасы 5 және 3 теңгеге төмендетілді. Тұрғын үй саласындағы мониторинг кезінде қызметтік пәтерлерді заңсыз алу және тұру фактілері анықталған еді. Қазіргі уақытта департаменттің бастамасы бойынша заңсыз берілген 11 пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорына қайтарылды. Айта кету керек, өткен жылы тұрғын үй кезегінен 3 мың 600 адам шығарылды. Жер қойнауын пайдалану саласына жүргізілген мониторингпен ҚР Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, Шу ауданының әкімдігі құм-тас қоспасын өндіру үшін арналған 1,69 га жер учаскесін заңсыз бергені анықталған. Аталған кен орны департаменттің ұсынысы бойынша мемлекет иелігіне қайтарылды.
Тараз қаласын көгалдандыру бағыты бойынша, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС қызметін жүргізілген талдау нәтижелері бойынша қаланы көгалдандыруға және абаттандыруға байланысты жұмыстарды орындамаған кәсіпорындармен өзара есеп айырысу жағдайлары анықталған. Алдын ала залал 700 млн. теңгені құрады. Нәтижесінде қаланы абаттандыруда белгілі бір мәселелер туындаған. Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен 57 млн. теңгесін растады. «Жеңіс», «Қ.Рысқұлбекұлы» және «Тектұрмас» саябақтарында ойын-сауық аттракциондарын орналастыру үшін төленген қаражаттын 6,4 млн. теңгесі мекеме кассасына кірмегені анықталды. Бұл жағдайлар бойынша тиісті процесуалдық шешімдер қабылдау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Білім саласына жүргізілген талдаумен Байзақ, Жуалы, Жамбыл, Шу және Т.Рысқұлов аудандары қамтылып, онда 130-дан аса бұзушылық анықталды. Талдау аясындағы мемлекетке келтірілген залалдың алдын ала сомасы 207,0 млн. теңгені құрады. Қазіргі таңда оның 55,0 млн.теңгесі қайтарылды. Жемқорлық тәуекелдері бюджетті жоспарлаудан бастап оны игеру кезеңіне дейінгі аралықта толығымен кездескен.
Талдау көрсеткендей, білім ұйымдарының басшыларының еңбек шарттарында оның мерзімдері жоқтығы, бұл бір ұйымда басшы лауазымында ұзақ уақыт, тіпті зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс істеуге жағдай жасалған еді.
Осылайша, департаменттің ұсынымын орындау үшін ротациялауға жатпайтын (ұзақ уақыт бір лауазымды атқаратын (10 жылдан астам) 12 білім беру мекемесінің басшылары басқа мекемеге ауыстырылды. Бұл процесс әрі қарай жалғасуда. Бизнесті қолдауға байланысты жүргізілген жұмыстардың нәтижесімен «Бизнеске жол» жобасы аясында Жамбыл облысы бойынша кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп департамент өңірдің 280 кәсіпкерінің құқықтары қорғады. Шешілген кейстердің нәтижелері бойынша 4 лауазымды тұлға тәртіптік, 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Экономика бағытында, бірыңғай сатып алу терезесі арқылы мемлекеттік органдардың мемлекеттік сатып алу жоспарларына мониторинг жасалып, департаменттің енгізілген хаттары негізінде мемлекеттік органдардың сатып алу жоспарлары қайта қаралды, нәтижесінде 5,9 млрд.теңгеден астам бюджет қаражаты үнемделді. Мысалы, Меркі ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі құны 275 млн. теңге болатын 1 кеңсе ғимаратын сатып алуды жоспарлағаны анықталды. Департаменттің ұсынымынан кейін сатып алу бағасы қайта қаралып, 120 млн. теңгеге дейін төмендетілді, нәтижесінде 155 млн. теңге үнемделді.
Жалпы сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына сәйкес жүргізілген мониторинг және талдау нәтижесімен 57 ұсыныс енгізілген оның орындалуы бойынша алдарыңызда кезең кезеңімен баяндайтын боламыз.
Келесі мақала