Тоғызтарау ауылында кіші футбол алаңы ашылды
Республика күніне орай, Жамбыл ауданы, Тоғызтарау ауылында кіші футбол алаңы ашылды.
Аудандық бюджеттен 8 млн 870 мың қаржы қарастырылып, бас мердігер «Ағарыс құрлыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыстарды жүргізген.
Тұрғындардың қуанышын бөлісуге аудан әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова келіп, жұртшылықты Республика күнімен және жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
– Ауданымызда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың саны 35 мыңға жетті. Өңірде бұқаралық спортты дамытуға үлкен мән беріліп, 176 спорт нысаны жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетуде. Ағымдағы жылы Сұлутөр ауылында спорт кешені пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 4 елді мекенде спорт кешендерін пайдалануға беру жоспарлауда. Сонымен қатар, келесі 2024 жылы Бесағаш ауылында спорт кешенінің құрылысы аяқталатын болады, – деді Мақпал Сатыбалдықызы.
Аудан әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мади Жанұзақовтың айтуынша, өңір тұрғындарына 1 стадион, 3 спорт кешені, 42 спорт зал, 20 үлкен футбол алаңы, 54 кіші футбол алаңы, 16 баскетбол алаңшасы, 20 волейбол алаңшасы, 12 стритворкаут, 4 әмбебап алаңшасы, ипподром, теннис корты қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, Республика күніне орай бұл спорт нысанынан бөлек, жуырда Айшабибі, Гродекова ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендері, Қызылдихан ауылында балалар алаңы мен кіші футбол алаңы ашылатын болады.