Ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар
Биылғы жылы облыстың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға - 81,0 млрд. теңге теңге бөлініп, бүгінгі күні 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетілді.
Жыл басынан бері салада 498,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, оның ішінде егін шаруашылығында - 317,9 млрд. теңгенің, мал шаруашылығында - 180,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілді.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 35,1 млрд. теңге инвестиция тартылса, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 3,5 млрд. теңге инвестиция салынды.
2023 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 762,5 мың гектарға жетіп, 6,5 мың гектарға артты. Биылғы жылы 380,3 мың гектар масақты дәнді дақылдар егін орағына түсіп, әр гектардан алынған орташа өнім 9,6 центнерді құрады және 363,2 мың тонна астық бастырылды.
Сондай-ақ, 1,1 млн. тоннадан астам көкөніс пен 446,3 мың тонна бақша дақылдары жиналды.
Жоғары өнімге қол жеткізудің негізі - ол ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруы. Өңірде жыл басынан бері 1 543 дана техникалар алынып, 12,2 процентке жаңартылды.
Жалпы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуды ынталандыру мақсатында мемлекеттік қолдау да жүзеге асырылып, техника алған агроқұрылымдар тарапынан түскен 550 өтінімге 1,8 млрд. теңге субсидия төленді.
Қазіргі уақытта техникаларды жаңарту мен мемлекеттік қолдау шаралары жалғасуда.
Қант қызылшасынан бүгінгі күні 161,8 мың тонна өнім жиналып, 148,2 мың тоннасы қант зауытына өткізілді. Биылғы жылы 459 гектар қант қызылшасына тамшылатып суару технологиясы енгізілсе, 1 939 гектарға жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.
Жалпы ағымдағы жылы 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілсе, оның 38,9 мың гектарына тамшылатып, 18,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.
Аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада өндірілген ет өнімдері - 3,6%-ға, сүт өнімдері - 1,4%-ға ұлғайды. Жыл басынан бері 1,6 мың тонна ет экспортталды.
Одан бөлек, облыста мал басында да өсім бар. Қазіргі уақытта өңірдегі жалпы мал саны 4,5 млн. басты құрап өткен жылмен салыстырғанда 7,9%-ға артты. Оның ішінде мүйізді ірі қара саны - 5,8%-ға, қой мен ешкі саны - 8,2%-ға және жылқы саны - 9,7%-ға, құс саны - 6,2%-ға артты.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында шет елдерден 3,1 мың бас мүйізді ірі қара мал сатып алынса, «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 26 мың бастан астам қой сатып алынды. Осының нәтижесінде облыстағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малының үлес салмағы 26%-ды құраса, асыл тұқымды қойдың үлес салмағы 30%-ды құрады.
Қазіргі уақытта облыста ет бағытындағы 5 асыл тұқымды мал өсіретін репродуктор, 4 құс фабрикасы, 27 мал бордақылау алаңдары мен 52 орта және ірі сүт фермалары жұмыс істеуде.
Одан бөлек, өңірде 160 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуде. Бұл кәсіпорындарда 2,3 мыңнан астам адам жұмыс орындарымен қамтылған. Жалпы нан пісіретін - 62 наубайхана, сүт және ет өнімін тереңдете өңдейтін - 70, мақсары майын өңдейтін - 4, астықты тереңдете өңдейтін - 6, жүн-тері өңдейтін - 3, қант қызылшасын өңдейтін - 2, көкөніс өңдейтін - 1, макарон өнімдерін өндіретін - 8, құс етін өндіретін - 5, жұмыртқа өндіретін - 1 кәсіпорын жұмыс істеп тұр.
Соңғы 5 жылда 31 өңдеуші кәсіпорын іске қосылды.
Аймақта биылғы жылы жалпы құны 8,6 млрд. теңгені құрайтын 7 жобаны жүзеге асырып, 159 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Бүгінгі күні Т.Рысқұлов, Меркі, Шу аудандары мен Тараз қаласында 4,4 млрд. теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылып, 82 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
2019 жылы бастау алған «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» пилоттық жобасы да өз жемісін беруде.
Жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округіне қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылса, бұл мақсатта жалпы 9,2 млрд. теңге игерілді.
Жобаның жалғасы ретінде 2021 жылы қайтарылған несиелердің есебінен Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарынан жалпы 3 ауылдық округ пилоттық жобаға еніп, 253 жоба іске асырылды.
Ал, 2022 жылы республикалық бюджеттен 6,0 млрд. теңге бөлініп, оған 10 ауылдық округтегі 1209 кәсіпкерге несие берілді.
Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылған 24 ауылдық округте мал басы 26 пайызға, ет өндірісі 39 пайызға, сүт өндірісі 19 пайызға артты. Соған сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 1254 адамға қысқарды.
Жалпы Президент құлағдар болып, үкімет қолдаған жоба бүгінде республикалық деңгейде масштабталып, барлық облыстарда жүзеге асырылуда.
Осының нәтижесінде бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты шаруашылыққа қолайлы облысымызда ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді.
Алдағы уақытта, суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалатын болады.