Жаңалықтар
Тараздың қоғамдық көліктері 35 жаңа автобуспен толықты
- author Zhambylokq
- 22 желтоқсан, 2023
- 141
Тараздың қоғамдық көліктері 35 жаңа автобуспен толықты
Жаңа автобустар жеті бағыт (№60, 38, 55, 17, 23, 30 және 19) бойынша қатынайтын болады. Әр автобустың сыйымдылығы – 70 адамды құрайды.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бұған дейін Тараз қаласын аралап, жергілікті тұрғындардың өтініштерін тыңдау барысында жауаптыларға қоғамдық көліктің жетіспеушілігі мәселесін шешуді және тұрғындар үшін қолайлы, қауіпсіз жағдай жасауды тапсырған болатын.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, 35 көлік сатып алынды. Жамбыл облысының әкімі Е. Қарашөкеев бүгін автопарк жүргізушілеріне жаңа автобустардың кілттерін салтанатты түрде табыстады.
Олар қазірдің өзінде қала тұрғындарына тест режимінде қызмет көресете бастаған. Атап айтқанда, 5 автобус №60 бағытта, 10 автобус №38 бағытта, 5 автобус №55 бағытта және 2 автобус №23 бағыттағы қоғамдық көліктердің қатарын толықтырып отыр. Сондай-ақ, 8 бірлік автобус №17 бағытта іске қосылса, 5 автобус №30 және №19 бағыттағы ескірген автобустарды алмастырды.
Ағымдағы жыл басында қалада 38 автобус пайдалануға берілгенін ескерсек, бүгінгі 35 жаңа автобусты қоса есептегенде биыл Тараздың автобус паркі 73 көлікке жаңарып отыр.
Үш жылдық жоспарға сәйкес, Тараз қаласында 120 автобус аялдамасын орнату көзделсе, оның 42-сі биыл салынған. Аталған жоспар аясында 200 автобус сатып алынып, қосымша 15 жаңа бағыт ашу жоспарланған десек, №10, 20, 56, 17 секілді төрт жаңа бағыт қазірдің өзінде іске қосылған.
Бүгінде қала тұрғындарына 37 бағыт бойынша 350 автобус қызмет көрсетуде. Оның ішінде 122 автобустың пайдалануға берілгеніне әлі 3 жылдан аспаса, 129 автобус шамамен 5 жыл, 99 автобус 5-7 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді.
Келесі мақала